15 қыр, 2016 сағат 08:23

Тасмағамбетов қайтып оралды. Неге? Не үшін?

Атқарушы биліктің тарихындағы 9-премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың Үкіметіне Иманғали Тасмағамбетов келді. Вице-премьер болып... Нақтылай айтсақ, Иманғали Нұрғалиұлы – Бақытжан Әбдірұлының орынбасары. Вице-премьер Тасмағамбетов  Үкіметте білім-ғылым мен мәдениет саласын, денсаулық  пен спорт саласын, ақпарат және коммуникация саласын,  жалпақ тілге салсақ – жалпы идеология саласын басқарады. Бұл, әрине, Тасмағамбетовтың бұрын жүріп өткен жолы. Әрі өзі қай қиырда жүрсе де көңіл бөліп, жаншырлық танытып отыратын саласы. Алайда бүгінгі тағайындауға қарап қоғамдық пікірге қозғау сала білетін орта қомсынып қалды. Тасмағамбетов бұдан да жоғары лауызымды қызметке баруы керек еді дейді олар. Сондағысы – Сенат төрағалығы. Яғни, Қасым-Жомарт Тоқаевтың орыны. Ал, Тоқаевтың орыны – Конституция бойынша екінші орын. Тоқаев – қазіргі отырысында Елбасынан кейінгі мемлекеттегі екінші тұлға. Көпшілік «екіншіні» Тасмағамбетовке еншілегісі келеді.  Алайда, мемлекеттік қызметтің сан түрін көрген салмақты саясаткер Тасмағамбетов өзін «екіншілікке» де, «үшіншілікке» де балаған емес. Мемлекет басшысы ұсынған қызметті атқарып, абыроймен келе жатқан азамат.

"Қорғаныс саласының жұмысын аз уақытта оңалтып жөнге салған Иманғали Нұрғалиұлы бүгінгідей айнымалы алмағайып заманда ҰҚК төрағасы болуы қажет еді" деп жатқандар да бар. Бірақ, ҰҚК төрағалығы осыдан үш-төрт күн бұрын экс-премьер Мәсімовке тиді емес пе, сондықтан «қорғанысты  күшейткен тұлғаны қауіпсіздіктен көруіге тиіс едік» деп, иегімізді қышытпай-ақ қоялық. Есесіне, мемлекетшіл Тасмағамбетов қорғаныс пен қауіпсіздікті тоғыстыратын үлкен бір салаға қайтып оралды. Иә, білім, мәдениет,  дін ісі, қоғамның рухани қорғанысы мен дамуы айналаңда анталаған көз көбейіп, барыңды барымталап алғалы тұрған алмағайып тар заманда күрделінің күрделісі, күрмеуі қиын істің қиыны болып тұр емес пе? «Жаһандану» деп қойып жайбырақат жатқан қазақтың тілі ғана емес, ділінің өзі сын сағатына таяп қалды қазір. Қазақ қазақ болғалы бастан кешіп, бас қатырмаған тосын жайт – діннің дерті тіпті қабындап барады. Қазақ бір мешіттің жамағаты, бір дастарханның қонағы болып қатар отыра алмайтын халге жетті. Оқудың тілі – анау: алдымен қара танып, ана тілінің уызына жарып, тұнығына қануы тиіс ұрпақ бірі өзіңді, бірі әлемді ықтырып ықпалында ұстауға ұмтылған ағылшын мен орыстың тілін оқып ойран-ботқаның бодауына көнуі керек болып тұр. Алаш баласы ағылшын тілін жатсынып отырған жоқ, бірақ билік пен бизнестегі алқымы іскен алпауыт топ ортаға орыс тілін тықпалап, тұтас халыққа білгенін жасап бағуда.

Қазақ руханияты қазір қатты күйзелісте. Баспасөз – Ресей баспасөзінің бір пұшпағы, оқырман – орыс бапасөзінің ерікті құлына айналды. Осы күні барлық телеарналардың әкімшілігінде айқұлақтанып Ресейдің бір азаматы басшылық қызмет атқарып жүр. Жоғарыдағылардың сөзіне бақсақ, «мықты менеджер екен»-міс. «Біздің баспасөзге мінсіз менеджмент әкеліп сіңірмек екен»-міс. Оның ойында  не жүр, ақпарат кеңістігіндегі қауіпсіздігіміздің қауқары қанша – оған қабырға қайыстырып, ой толғайтын шамадан қазір біз «шығандап» кеткенбіз. Орыс баспасөзі жазса – болды, орыстілді баспасөз айтса – біттімен күн кешудеміз. Осылай күн кешуді ақ жағалы ұлығымыздан бастап бәріміз қалыпты өмір салты деп білеміз. Ресей мен өзіміздегі орыстілді баспасөзсіз өмір сүруге, мемлекеттің ақпараттық ісін жүргізуге бола ма дейтін сұрақ тәуелсіздігіміздің ширек ғасырын игерген  уақыттың шегінде ешкімнің шекесін солқылдатып, ойлантқан емес. Соның салдарынан қазақ халқы зомбилер еліне айналып бітті. Қазақ үшін бұл күнде қытай – дұшпан, АҚШ – жау, Түркия бізді отарлап алғысы кеп жүрген ниеті бұзық ел, Украина – құрып біткен жұрт т.б.  Айтып тізе берсек, әңгіме көп. Сол көп мәселені Иманғали Нұрғалиұлы қапысыз білетін және оның шешімін де таба білетін қайраткер ретінде Сағынтаев Үкіметінің құрамында қызмет етуге тәуекел еткенге ұқсайды.

Бір есептен Тасмағамбетовтың Үкіметте жоғарыда аталған саланы басқаруға кіріскені – біздің бұдан былай Ресейден ептеп іргемізді аулақ салуға, аулақ салмағанның өзінде тепе-тең қарым-қатынас жасауға бет бұрғанымызды білдіретін сияқты. Себебі – Имекең қазақ қоғамының рухани келбеті өзіндік келбет болуы керек деп түсінетін және соған барын салатын тұлға. Біреудің қаңсығы мен таңсығын көшіріп әкеліп тықпалай беру оған жат қылық. Алайда... алайда дейтін күмәнді нәрсе  көңілден, сірә, арылған ба?  Білім саласында үштұғырлы тіл, дүние жүзі тарихын орыс тілінде, жаратылыстану пәндерін ағылшын тілінде оқыту дейтін реформаны қанша алға салғанымен өткізе алмай жүрген билік Тасмағамбетовтың ел ішіндегі беделі мен сүйкімін пайдаланып іске асыруды көздеуі мүмкін. Қазақ жанына ауыр тиетін өзге де «реформаларды»Тасмамғамбетовтың қолымен істеу бәлкім біреулерге керек болып та қалған шығар... Мемлекет жұмысынан қажымайтын, талмайтын тұлғаның вице-премьер болып тағайындалуында  осындай гәптердің болуы да ықтимал. 

Алайда, Тасмағамбетовтың Сағынтаев Үкіметінде лауазымды қызмет атқара жүріп жоғарыда аталған мәселелерді жолға қоятындығына сенгіміз келеді.

Дәурен Қуат

Abai.kz