05 сәу, 2024 сағат 13:48

Тасқын су Құлсары қаласына кіре бастады


Фото: видеодан алынған скрин


Атырау облысындағы Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласына тасқын су кіре бастады, - деп хабарлайды «Ұлт ақпарат» Жылыой ауданы әкімдігіне сілтеме жасап.


Әкімдік мәліметінше, Құлсары қаласындағы 2 және 3-ауылға тасқын судың кіру қаупі туындады.


«Жем өзенінің арнасынан асып тасыды. Осыған байланысты аудандық жедел штаб Құлсары қаласындағы 2 және 3-ауыл тұрғындарын қауіпсіз аймаққа көшіру туралы штаб шешім қабылдады. Бірінші кезекте әйелдер, балалар, науқас жандар және I, II, III-топтағы мүгедектер көшіріледі», - деп хабарлады аудандық әкімдік. 


Тұрғындарды орналастыру үшін Құлсары қаласындағы бірнеше мектепте қабылдау пункті ашылды. Эвакуацияланған тұрғындар №1, 5, 6, 8, 9, 16 және 18-орта мектепке орналастырылады. 


«Қауіпсіз аймаққа көшіру жақын жол жиегінде қойылған «БатысТехИнвест» ЖШС-нің автобустары арқылы жүзеге асырылады. Тұрғындардан өзімен бірге жеке құжатын, шағын төсек және басқа қажетті заттарын ала баруы сұралады», - деп мәлім етті аудандық әкімдіктен.


Тасқын су Құлсары қаласындағы орталық стадион аумағына кірді.