Мемлекет басшысы халыққа арнаған биылғы Жолдауында Қазақстанның Үшiншi жаңғыруы басталғанын жариялады. Мұндағы басты мақсатымыз – Мәңгiлiк Ел болуға бет алған қалыптасқан мемлекетiмiздiң әлемдегi ең дамыған отыз елдiң қатарына қосылу.
Бұл оңай iске асыра салатын шаруа емес. Ол үшiн алдымен сана сiлкiнiсi қажет, рухани байлығымызды қадiрлей бiлуiмiз керек. Өйткенi, бәсекеге қабiлеттi болу тек қана экономикаға байланысты емес. Тек жоғары бiлiмдi және рухани бай халық қана сыртқы әсерлердi дұрыс қабылдай алады. Осы мәселелердi негiзге ала отырып, Елбасымыз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын жариялады. Аталмыш мақала керемет әсер қалдырды. Бұл дүниенi стратегиялық маңызға ие, жасампаз халқымыздың жарқын болашағын айқындайтын ойтолғам десек болады.
Байқағанымыздай, мақаланың әрбiр сөзi, әрбiр бағыты мақсатқа толы, жүректен шыққан сөздер. Ұлттың ұлы мұратына жету үшiн жасалынған шынайы бағдар. Тарих тоғыстырған, тағдыр табыстырған бүгiнгi ұлы күнге бiз берiк сенiммен жетiп отырмыз. Ал, оны қолда берiк ұстап, көздiң қарашығындай сақтау қай-қайсысымызға да аманат. Елбасымыз көтерген мәселелерде елiмiздiң ертеңгi бағыт-бағдары нақты айқындалған. Яғни ұлт болып қалыптасудың сыры мен сипаты жан-жақты ашылған.
Президент рухани жаңғыруды жүзеге асыруда, әлемде ешкiмге ұқсамайтын дербес ұлт болуымыз үшiн «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын iске асыру мiндетiн қойып отыр. Мәдениетiмiздiң озық үлгiлерi әлемдiк деңгейде кеңiнен танылып, дүние жүзiндегi бәсекеге қабiлеттiлiгi халықаралық деңгейге сай болуы қажет. Мәдениеттi жасайтын халық болғандықтан, осы идеяның аясында замандастарымыздың жетiстiктерiн көрсетуге бағытталған «Қазақстандағы 100 жаңа есiм» жобасы қолға алынатын болады. Бұл тәуелсiздiк жылдарындағы жетiстiктерге қол жеткiзуге мол үлес қосқан тұлғаларымызды елге танытуды көздейтiн жоба болмақ. Әрине, бұл бағытта сансыз бабтар мекенi саналатын Сайрам ауданында да ауқымды iстер атқарылмақ. Ынтымақтың үлгiсi, сыйластықтың символы саналатын аудан халқы ел игiлiгi үшiн аянбай тер төгiп келедi. Осыны ескере отырып, «Қазақстандағы 100 жаңа есiм» жобасы аясында аудан азаматтарын елге танытатын боламыз.
Олай болса, уақыт талабы мен ел дамуының тарихи кезеңiне сай қоғамдық сананы жаңғыртуды қолға алып отырған бұл бағыттағы жұмыстар өз жемiсiн беретiнiне бек сенiмдiмiз.
Ақылбай ЖАҚЫПБЕКОВ, Сайрам аудандық iшкi саясат бөлiмiнiң басшысы.