04 қар, 2017 сағат 08:20

Тарихи деректердің қазынасы

Қазақ жерiнде архив iсiнiң тарихы 1794 жылы Бөкей хандығы құрылған сәттен бастау алған. 1920 жылы архив iсiнiң орталық басқармасы құрылып, жер-жерлерде оның тармақталған жүйелерi қалыптасты. Қазiргi таңда архив iсi халықтың игiлiгiне айналды.

Тәуелсiз елiмiздiң даму сатысында ең қажеттi, құнды құжаттарымызды көздiң қарашығындай қорғаумен қатар, оны ел-жұртқа таныту iсi жандануда. Аса маңызды әрi жауапты iспен шұғылданып отырған Шымкент қалалық мемлекеттiк архивiне биыл – 25 жыл. 1992 жылдың қазанында Шымкент қаласы әкiмiнiң шешiмiмен құрылған бұл мекеме – тарихи деректердiң қазынасы.

Мекемеде сақталған жеке құрам құжаттарға көз жүгiртер болсақ, Шымкент қаласындағы қажырлы тарихи еңбектің айғақтары пен рухани мұраларды сақтауда көптеген жұмыс атқарылғанын байқауға болады. Соғыс жылдары шаһар майдан шебiнен эвакуацияланған өндiрiстiк, экономикалық маңызы зор фабрикалармен, зауыттармен толықты. Бұл жылдары елiмiздiң батыс облыстарынан көшiрiлiп әкелiнген көптеген iрi өнеркәсiп орындары мемлекетiмiздiң көркеюiне өз үлесiн қосты. Мәселен, Шымкент қорғасын зауыты аймағына орныққан Подольск қорғасын-прокат зауытының прокат цехы, Шымкент химфарм зауыты аймағына әкелiнген Мәскеу алколоид, салицил зауыты, Киев байлау материалдары фабрикасы, Воронеж қаласынан көшiрiлген бiрқатар зауыт-фабрикалар соғыс уақытында қажеттiлiкке байланысты қыруар жұмыстар атқарды.

Қаланың өзге де тың тарихи-мәдени деректерi осы жерде сақтаулы. Олардың әрқайсысын күтiп-баптап, көпшiлiкке ұсынуда мұрағат қызметкерлерiнiң еңбегi орасан.

Мұнан өзге де сарғайған құжаттар Шымкент қалалық мемлекеттiк архивiнде ұқыптылықпен қаттаулы тұр.

Райхан БИНАЗАРОВА,

ОҚО мемлекеттiк архивi,

құжаттарды пайдалану және жарыққа шығару бөлiмiнiң басшысы.