18 қаң, 2021 сағат 08:05

Тараздағы орталық стадионға Балуан Шолақтың есімі берілуі мүмкін

Тараз қаласындағы орталық стадионға Балуан Шолақтың есімін беру және ескерткішін орнату туралы ұсыныстар бойынша зерделеу жұмыстары жүріп жатыр,- деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Тараз қаласын кезекті рет аралау барысында шаһардағы орталық стадион жанындағы скверге арнайы ат басын бұрды. Мұндағы Абай мен Сүлейменов көшелерінің қиылысынан орталық стадионға дейін апаратын жаяу жүргіншілер аллеясын кеңейту қажеттігіне назар аударылды. Істемей тұрған субұрқақтарға қатысты ұсыныстар қаралмақ. Тараз жұртшылығынан орталық стадионға аты аңызға айналған балуан, халық ақыны және композитор Балуан Шолақтың есімін беру және тарихи тұлға ескерткішін «Тараз-Арена» спорт сарайының алдынан облыстың бас стадионына көшіру туралы ұсыныстар түскен. Қазіргі таңда осы ұсыныстар бойын зерделеу жұмыстары жүргізілуде. 

Бүгінде жамбылдықтардың 32 пайызы бұқаралық спортпен шұғылданады десек, ағымдағы жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 35 пайызға дейін жеткізу көзделуде.

«Біз атқарушы органдар жұмысының тиімділігін бағалаудың қосымша индикаторын енгізуді жоспарлап отырмыз. Бұл спорттық нысандардың, оның ішінде мектеп спорт залдарының жүктелу деңгейіне қатысты», - деді Бердібек Сапарбаев.

Бұдан соң аймақ басшысы қаладағы бірқатар білім ошақтарының құрылыстарымен танысты. Атап айтсақ, облыс әкімі №4, №16 және №2 орта мектептерге барып, олардың құрылысының жай-күйін барлады.