26 сәу, 2017 сағат 12:43

Тараздағы Ленин көшесін кімге сақтап отыр?

Қай елде ұлттық нышандар елдi мекендердiң, көшелердiң аттарынан менмұндалап тұрса, сол елдiң еңсесі биік, мерейi үстем, бет-бейнесi айқын. Алайда тәуелсіздік алғанымызға ширек ғасырдан астам уақыт өтсе де, ұлттық десе ұстамасы бар басшылардың кесірінен қазақ даласында әлі күнге Ленин, Советский, Октябрь деген сықпыттағы елдің еңсесін түсіріп тұрған мың сан көше бар. 

Кеңестік кезеңде желімдеп жабыстырып тастаған мұндай атаулар қаймағы бұзылмаған қазақы өңір Жамбыл жерінде де жетіп-артылады. Әсіресе, 2000 жылдан астам тарихы бар көне шаһар Тараздың орталық көшелерінің бірін қызыл көсем – Лениннің иеленіп жатқаны көзге шыққан сүйелдей болып тұр.

Рас болса, ел арасында осы Ленин көшесін «резервке ұстап отыр» деген де сөз бар. Әйтеуір, тиісті орындар тарапынан Ленин көшесінің атын ауыстыру жайлы мәселе көтерілмегеннен кейін әркім әртүрлі әңгіме айтып, «бұл көшені біреулер патшаға дайындап отыр» деп тон пішсе, енді біреулер «бір кездері Жамбыл облысын басқарған қоғам қайраткеріне сары майдай сақтап отыр» деп гуілдетіп жүр. Біз «Қызыл көсем атындағы бұл көшенің аты неге ауыспайды?» деген сұрақты Жамбыл облысы әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ғалия Боранбаеваға қойған едік.

– Ленин көшесінің атын ауыстыру жайында Тараз қалалық әкімшілігінен ұсыныс келіп түскен жоқ. Егер ұсыныс түскен жағдайда біз зерделеу, түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Көше атын ауыстыру белгілі критерийлер бойынша іске асады. Сол көшедегі тұрғындардың талап-тілегі ескеріледі, дауысқа салынады. Көше атын ауыстыру басым дауыспен қолдау тапса, оған жаңа атау беру мәселесі күн тәртібіне қойылады. Ал «белгілі бір көшені бір адамға бола ауыстырмай ұстап отыр» деген сөз шындыққа жанаспайды. Көше атын ауыстырудың өзіндік тәртібі бар, біз соған жүгінеміз, – деді Ғалия Бектенқызы.

Ал Тараз қаласы әкімінің орынбасары Кенжебек Олжабайдан: «Ленин көшесінің атын ауыстыру біздің жоспарымызда бар. Бейбітшілік көшесі деп өзгертуді ойлағанбыз. Белгілі бір саяси себептермен ұсынысымызды тиісті орындарға жолдамай, тоқтата тұруымызға тура келді. Ақылға салып істемесек, бұл қиын нәрсе. Сәл шыдасақ бәрі ретімен іске асады», – деген жауап алдық. 

Әкім орынбасары Кремльде көмусіз жатқан көсемді Тараздан тырқыратып қуып шығу қандай саяси себептерге байланысты тоқтап тұрғанын, неліктен қиындық тудырып отырғанын ашып айтпады, бірақ.

Қалай десек те, басқа-басқа емес, 2000 жылдық тарихы бар Тараздың қақ ортасында қасқа басты Лениннің атындағы көшені ұлттың тiлi, тарихы, мәдениетiмен тығыз байланысты болатындай етiп өзгерте алмай отырғанымыз елдігімізге, әулиеаталық атқамінерлердің азаматтығына сын. Әлде әр келген әкім Ленин көшесін ауыстыруды өзінен кейінгі әріптесіне аманаттап, «мұра» етіп қалдырып кете бере ме?

Нұрболат ӘЛДИБЕК 
Жамбыл облысы

"Жас Алаш" газеті