24 қаң, 2023 сағат 17:42

Таразда үш жасар баланың ішінен төрт ине шықты

© Photo : CC0 / Miroslavik

Тараз қаласында үш жасар баланың асқазанынан 4 ине шықты. Дәрігерлер оны рентген кезінде байқады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасап.

Облыстық балалар ауруханасына келген әйел баласының сыдырма жүгіртпесін жұтып қойғанын айтқан. Үш жасар баланы бірден рентгенге апарған. Сол кезде дәрігерлер асқазанда сыдырма жүгіртпесінен бөлек екі инені байқайды. Содан баланың ішінен эндоскопиялық құрылғы арқылы бір инені алып шықты. Ал сыдырманың жүгіртпесі табылмады. Артынан ол табиғи жолмен өздігінен шықты. Бірақ баланы хирургиялық бөлімнен шығармаған. Өйткені екінші ине қалып қойған.

© Photo : Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасы

Ал соңғы R–граммада асқазанда тағы екі ине анықталды. Жамбас жағында бір ине тұрды.

"Эндоскопиялық құрылғымен асқазаннан бір ине шығарылды. Одан кейін колоноскопиямен ішектен тағы бір инені алып шықтық", - дейді хирург Сейідахмет Байдоллаұлы.

Дәрігерлер баланы тағы біршама уақыт бақылады. Сосын тағы колоноскопия жасалып, сигма тәріздес ішектен қадалып тұрған ине шығарылды. Ота жасалған жоқ.

Мамандардың айтуынша, төрт ине баланың асқазан-ішек жолдарында 8 күн бойы қозғалып жүрген.

"Баланы ешқашан қараусыз қалдырмау қажет. Кішкентай шарлар мен тиындармен ойнауға болмайды. Ойыншық ұсақ бөлшексіз және баланың жасына сай болуы керек", - дейді тәжірибелі маман Мәулім Қазиұлы.