21 қаң, 2021 сағат 07:06

Таразда қылмыстық топтың әрекетінен мемлекетке 10 млрд теңге шығын келді

Таразда заңсыз шот-фактуралар жазып берумен айналысып келген қылмыстық топ құрықталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

ҚР Қаржы министрлігі Қаржы мониторингі комитетінің Жамбыл облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментінің қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде 2009-2020 жылдар аралығында Тараз қаласының аумағында жалған шот-фактура жазып беру айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекетін әшкереледі. 

Олар шот-фактураларды тиісті қызмет атқарылмаса да, керек тауар жеткізілмесе де, құжаттарды рәсімдей берген. 

Тергеу барысында 10 адамнан, сондай-ақ бақылаудағы заңды тұлғалардың басшысы ретінде тікелей тіркелген қатысушылардан құралған қылмыстық топ контрагенттер-сатып алушыларды іздеуді, екінші деңгейлі банктерде қаражатты қолма-қол ақшаға айналдыруды және т.б. жүзеге асырған. 

«Қылмыстық іс-әрекет нәтижесінде мемлекетке келтірілген залал мөлшері 10 млрд. теңгені құрады. Тәркілеуді қамтамасыз ету мақсатында бақыланатын кәсіпорындардың жалпы сомасы 1 миллиардтан астам теңге қаражаттарына тыйым салынды. Қазіргі уақытта қылмыстық іс өндіріспен аяқталып, сотқа жіберілді», - делінген хабарламада.