27 қаз, 2020 сағат 18:24

Таразда «Біз біргеміз» монументі тұрғызылып жатыр

Бүгінде Тараз қаласының сәулеті сәт санап артып, облыс орталығында айтарлықтай оң өзгерістер орын алып жатқанын жамбылдықтар көріп, біліп, сезінуде. Шаһар шырайын еселеген жаңа нысандар көптеп бой көтеруде, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Жоспардағы көп жобалардың ішінде «Біз біргеміз» монументі де ұлттық нақышымен көзге түседі. Бүгінде құрылыс қызу жүріп жатыр. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі мәлім етті. 

Композицияның ортасындағы жер шарын қол ұстасып тұрған дәрігер, әскери, полиция қызметкерлері, өрт сөндірушілер, құтқарушылар және еріктілер секілді түрлі кәсіптің өкілдері қоршап алған. Олар қиын жағдайларда әрдайым бірінші болып көмекке келіп, кейде өзгені құтқару үшін өз өмірлерін де құрбандыққа тігіп жатады.

«Сәулетшілер бірлік пен қоғамдық келісім идеясын жеткізуге тырысты. Біздің халқымыз коронавирустық пандемия кезінде, Арыста жарылыс болған кезде, Түркістан облысының Мақтаарал ауданындағы төтенше жағдай орын алғанда да ұйымшылдық пен ынтымақтастықтың үлгісін көрсете білді. Ескерткіш келешек ұрпақ үшін осы оқиғалардың естелігі болып қала береді», - дейді А.Әбдешов.

Жер шарының артында тұрған биік стеланың дәл басында қарлығаштар қоршап тұрған шаңырақ орналасады. Бұл құс қасиетті, бейбітшілік пен келісімнің белгісі болып саналады. Егер ол ұя салса, қазақтар оны жақсылыққа жорыған.

Ескерткіштің екі жағында шағын құрылымдар орналасады. Оларды ежелгі нақыштағы күрделі өрнектермен безендіріледі.

Ескерткіш 14-шағын ауданға орнатылады.

Облыс әкімдігі сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Арман Әбдешовтің айтуынша, сәулетшілердің басты мақсаты – Таразды заманауи, жайлы қалаға айналдыра отырып, оның бай тарихи мұрасын таныту.

«Әр жоба бойынша жұмыс істейтін сәулетшілер, құрылысшылар және басқа да мамандар Таразды тартымды, өмір сүруге ыңғайлы және жайлы етуге барын салуда. Жаңа нысандар мен архитектуралық нысандардың құрылысы аймақ басшысы Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен жұмыс тобының отырыстарында егжей-тегжейлі талқыланып отырады, - дейді А. Әбдешов.

Сондай-ақ, бүгінгі күні шаһарда «Арбат-3» жаяу жүргіншілер аймағының үшінші кезегінің құрылысы жүріп жатыр десек, ол да жас ұрпақтың тәрбиесінде маңызды рөл атқарады деп күтілуде. Аймақ «Көне Тараз» кешені мен Қарахан кесенесін байланыстырмақ. Арбатта 22 травертиндік тақта орнатылып, оларда ежелгі Тараз тарихынан маңызды даталары қашалып жазылмақ. Мердігерлер көп ұзамай 320 метрлік сазды субұрқақтардың құрылысын аяқтамақ десек, одан бөлек онда орындықтар, ерекше сәндік элементтер орнатылатын болады.

Айта кету керек, мұнда жұмыс кешенді түрде жүзеге асырылмақ. Құрылысшылар бірден көршілес ғимараттардың қасбетін әрлеуді, көшелерді жарықтандыруды, айналаны, аялдамаларды реттеуді қатар жүргізіледі.