Бүгін ҚР Президенті әкімшілігі мен Тараз қалалық мәслихатының келісімімен және Жамбыл облысы әкімінің өкімімен Қарабалаев Айтқазы Дәулетқұлұлы Тараз қаласының әкімі болып тағайындалды, деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».
Аймақ басшысы Асқар Мырзахметов қала активіне шаһардың жаңа басшысын таныстырып, бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді. Өңір басшысы облыс орталығы болған соң қала әкіміне жүктелетін жауапкершіліктің салмағы да жеңіл болмайтынын атап өтіп, әлеуметті мәселелерді шешуде, экономиканы көтеруде табандылық пен жүйелі жұмыстың керектігін баса айтты.
Айта кетейік, Айтқазы Қарабалаев 1966 жылы туған, білімі жоғары.
Еңбек жолын 1989 жылы Алматы қаласындағы №54 Тұрғын үй пайдалану басқармасының инженер-технигі болып бастаған. Әр жылдары «Хаир Ихсан» қайырымдылық қоры директорының орынбасары, «Тигро Хауд» сауда-өндірістік қауымдастығы бөлімінің меңгерушісі, директор орынбасары, Тараз қалалық сауда, шағын және орта бизнес басқармасының бастығы, қала әкімінің орынбасары, Жамбыл облыстық жергілікті бюджеттерге алымдар және жекелеген салық төлемдерін жинау агенттігінің директоры, облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар департаментінің директоры, Жамбыл облысы әкімі аппараты жетекшісінің орынбасары, Жуалы ауданының әкімі, «Оңтүстік» ӘКК» АҚ ҰК» өкілдігінің Жамбыл облысындағы директоры, Талас ауданының әкімі, «ҚазТрансГаз Аймақ» Жамбыл облыстық өндірістік филиалы директорының кеңесшісі қызметтерін атқарған. Ал, 2019 жылдың сәуірінен бастап «ҚазТрансГаз Аймақ» Түркістан облыстық өндірістік филиалының директоры лауазымында қызмет атқарып келді. Еске сала кетейік, бұған дейін қала басшысы болған Қайрат Досаев ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Тараздағы мектепте болған оқушыны зорлау оқиғасына байланысты және өзіне жүктелген міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін биыл 21 қарашада лауазымынан босатылған болатын.