Фото: spk-taraz.kz
Жамбыл облысының әкімдігі жақын маңдағы екі ауданның жерін қосу арқылы Тараз қаласының аумағын кеңейтуді жоспарлап отыр. Тиісті құжат қоғамдық талқылауға шығарылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қазір қаланың ауданы 18 787 га құрайды, екі аудан қосылғаннан кейін ол 31 798,7 га болады деп күтіледі.
«Жамбыл облысы әкімдігінің қаулысына және Жамбыл облыстық мәслихатының шешіміне қосымшаға сәйкес Жамбыл ауданының жалпы ауданы 11 257,9181 гектар жердің бір бөлігін, Байзақ ауданының жалпы ауданы 1 761,2014 гектар жердің бір бөлігін Тараз қаласының шекарасына қосу арқылы қала шекаралары өзгертілсін, жалпы ауданы 31 798,0742 гектар шекара белгіленсін», - делінген құжатта.
Әкімдік бұл шаралар құрылыс қарқынын арттыруға және халықты тұрғын үймен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін түсіндірді.
Облыс орталығына екі ауданның 14 елді мекені қосылады.
Құжаттың жобасы «Ашық НҚА» порталында 5 тамызға дейін жария талқылау үшін жарияланды.