16 мам, 2022 сағат 14:41

Танымал сайтта есірткі жарнамасына қатысты сілтемелер жойылды - ІІМ


Есірткі тарататындармен күрес бағытында Telegram әкімшілерімен бірлесе 430 чатты бұғаттау мәселесі пысықталып жатыр. Бұл туралы ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті бастығының міндетін атқарушы Асқар Мұхаметқалиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Министрліктегі онлайн өткен баспасөз мәслихатында интернет желісінде адамдарды курьер ретінде жұмысқа қабылдау жиі кездесетіні және осы жарнамалар кей жағдайда бұл адамдарды есірткіні таратуға жұмылдыру үшін жасалатыны айтылды. Осы орайда мұндай заңсыз әрекеттермен полиция қалай күресіп жатқанын сұрады. 

«Шынында да осындай фактілерді кездестіріп жатырмыз. Ішкі істер министрлігі ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің комитетімен бірлесе танымал www.olx.kz. сайтында заңға қайшы контенттің таралуына жол бермеу бойынша тиісті қадамдар дайындап отыр. Осы орайда Olx провайдерімен өзара іс-қимыл жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, курьер қызметі жарнамасы бойынша мәтінде есірткі сайттарына жасалған 100-ден астам сілтемені жойдық. Кибербуллинг мәселелері бойынша заңнамалық түзетулерді ескере отырып, осы жұмыстың аясында басқа да ақпарат ресурстарымен тікелей байланысты орнату жоспарланып отыр», - деді Асқар Мұхаметқалиев. 

Бұл тұрғыда ол Telegram өкілдерімен осы бағытта тиімді жұмыс істеу ескерілгенін айтты. Қазіргі кезде Telegram әкімшілерімен бірлесе 430 чатты бұғаттау мәселесі пысықталып жатыр.