20 шіл, 2020 сағат 10:12

Тамыздан бастап елордада 10 мың мұғалім қашықтан оқытудың онлайн курсын оқиды

Астанадағы мұғалімдердің бәрі «Қашықтан оқытуды үйренемін» атты онлайн-курстан өтеді. Бұл туралы Нұр-Сұлтан білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Тамыз айынан бастап 9958 (100%) білім ұйымының педагогтары Назарбаев Зияткерлік мектептерінің «Педагогикалық шеберлік орталығы» әзірлеген «Қашықтан оқытуды үйренемін» атты онлайн-курсты оқиды», - деді Шолпан Қадырова қала әкімдігінің Facebook парақшасында өткен баспасөз мәслихатында. 

Курс 5 модульден тұрады. («қашықтан оқыту ерекшеліктері», «оқуға тарту», «ақпараттық-техникалық құралдар», «кәсіби ынтымақтастық» және «ата-аналарды педагогикалық қолдау»). Курс ұзақтығы – 40 академиялық сағат. Өткізу форматы – асинхронды. Бұл тыңдаушыларға өз бетінше оқудың уақыты мен қарқынын таңдауға мүмкіндік береді. 

Курстар Stepik білім платформасында өтеді. 

«Онлайн-курстың әр тақырыбы мұғалімдердің өз бетінше зерделеуі үшін өзекті материалдар мен ресурстарды қамтиды. Педагогтар курста қашықтан оқытудың ерекшеліктері мен түрлерін зерттеп, онлайн сабақтардың оқу үдерісін жоспарлауды, оқу жетістіктерін бағалауды үйренеді», - деді басқарма басшысы. 

Сонымен қатар, Нұр-Сұлтан қаласының білім беруді жаңғырту орталығы тамыз айының бірінші және екінші аптасында «Цифрлық педагогика: оқыту және тәжірибе» тақырыбында онлайн-оқыту өткізуді жоспарлап отыр. Бұл оқытумен 12 480 (100%) педагог қамтылады.