05 мау, 2018 сағат 12:37

Тамара Дүйсенова: "Себебімен емес, салдарымен күресіп жатырмыз..."

Біз менингококтің таралу себебімен емес, салдарымен күресіп жатырмыз. Бұл туралы бүгін «Нұр Отан» партиясының хатшысы Тамара Дүйсенова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

«Сіздер науқаспен байланыста болғандармен жан-жақты жұмыс жүргізгендеріңізді қалаймыз. Әрбір өңірде тетіктері айқындалған. Аулаларды аралайтындықтарыңызды немесе ұйымдастырылған топпен үйлерге баратындықтарыңызды білесіздер. Қазір біз дерттің салдарымен күресіп жатырмыз. Ең алдымен себебімен анықтауымыз қажет еді», - деді Тамара Дүйсенова «Нұр Отанның» орталық аппаратында барлық өңірлермен бейнеконференция арқылы өткен жиында.

Оның айтуынша, учаскелік дәрігерден бастап облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығына дейін бұл жұмысқа жұмылдырылуы тиіс. Сонымен қатар Тамара Дүйсенова «Нұр Отанның» барлық филиалдарының бірінші басшыларын жұқпадан қаза тапқандармен байланыста болғандардың жіті тексерілуін назарда ұстауы қажеттігін баса айтты.

«Байланыста болғандар еліміз бойынша көп емес, 4 мың адамды құрайды. Оларды тексеру қалай жүріп жатыр және қажет болса ауруханаға жатқызылуын қамтамасыз ету қажет. Дәрі-дәрмек қор мен резервтік төсек-орынға қатысты мәселесі шешілген деп ойлаймын. Дәрігерлерге кеңес беру үшін республикалық деңгейде барлық телекоммуникациялық технологияларды іске қосқан жөн болар. Медицина қызметкерлеріне нұсқаулық беріп, халықты жаппай ақпараттандыру қажет», - деді партия хатшысы.

Сонымен қатар Тамара Дүйсенова менингококке шалдыққандардың барлығын бір антибиотикпен емдеуге болмайтындығын айтқан еді.