Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің келесі отырысына нақты нәтижемен келу үшін қазір жұмыс істеуіміз керек. Ұлттық кеңес мүшесі ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің басшысы Талғат Қалиев бүгінгі отырыстан кейін осылай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүгін өте өзекті мәселелер көтерілді. Барлық жұмыс тобы бірдей белсенді жұмыс жүргізді. Мұның алдындағы жұмыс топтарының басқосуында талқылаулар, дискуссиялар өте қызу өткен болатын. Көптеген консенсусқа дауыс беру арқылы келдік. Мәселен, біз сайлау туралы, партия туралы заңға өзгеріс енгізу бағытында жұмыс жүргізбекпіз. Бәрі де партияны тіркеу жұмысын жеңілдетуді мақұлдап отыр. Қол жинау ісінде тәртіп орнату керек. Себебі, қазіргі цифрландыру кезеңінде барлығында ЭЦҚ бар. Сол секілді, бәлкім, дәл қазіргі уақытта аудан әкімдерін сайлау жүйесіне өту кезеңі де келіп тұрғандай. Өйткені, олар қазіргі таңда халықпен тікелей жұмыс жүргізіп, бюджетті бақылап отыр», - деді Ұлттық кеңестің саяси реформа жүргізу блогындағы Талғат Қалиев.
Оның айтуынша, БАҚ туралы заңды да либерализациялау керек.
«Сөз бостандығын шектеп, БАҚ-тың дамуына кедергі келтіріп тұрған тетіктерді жойғымыз келеді. Бәлкім, депутаттардың қатысуымен белгілі бір жауапты министрліктің жанынан қандай да бір жұмыс тобы құрылуы мүмкін. Яғни, ол жұмыс тобы нақты біз атаған заңға өзгеріс енгізу жұмыстарын талқылайды. Бір сөзбен айтқанда, келесі отырысқа нақты бір нәтижемен келерлік жұмыс тындырылуы тиіс», - деді Талғат Қалиев.
Еске сала кетсек, бүгін елордада Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы отырысы өтті. Отырысқа Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты.