25 қаз, 2024 сағат 11:40

Талғарда изолятордан қашқан күдікті ұсталды – полиция


Фото: Алматы облысы ПД


Талғар ауданында кәмелетке толмаған қызды зорлады деген күдікпен ұсталып, уақытша ұстау изоляторынан қашып кеткен айыпты құрықталды. Бұл туралы Алматы облысының Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлайды.


«Жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде 21 қазанда уақытша ұстау изоляторынан қашқан күдікті К. Тереңқара ауылының шетінде ұсталды. Іздестіру жұмыстары басталған сәттен бастап полицияның барлық күштері жұмылдырылды. Сондай-ақ іздеу шараларына қоғам белсенділері мен облыс тұрғындары тарапынан құрылған ерікті жасақтар атсалысты», - делінген хабарламада. 


Жергілікті полицияның мәліметінше, күдікті қайтадан уақытша ұстау изоляторына қамалды. 


«Күдіктіге негізгі қылмысынан бөлек қамаудан қашқаны үшін айып тағылады», - дейді құзырлы департаменттен. 

Талғарда уақытша ұстау изоляторынан қашып кеткен күдіктіге іздеу жарияланған еді. 


Артынан Талғарда изолятордан қашқан күдіктінің оқиғасы бойынша салғырттық бабымен іс қозғалды