Жергілікті әкімдік Алматы облысы Талғар қаласында үш оқушыны қаққан жүргізушіге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Талғар ауданы әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға бүгін таңғы сағат 07:30 шамасында болған.
Жаяу жүргіншілер жолымен өтіп бара жатқан үш қызды Volkswagen Golf көлігі қағып кетті.
ҚР Әкімшілік құқық бұзу кодексінің 610-бабы, 2-бөлігі, яғни денсаулыққа зиян келтірген жол көлік оқиғасы бабы бойынша тергеу басталды.
Полиция мәліметіне қарағанда, көлік жүргізуші мас болмаған.
Автокөлік арнайы айып тұрағына қойылды.
«Зардап шеккендер - Ж.Жабаев атындағы №6 жалпы орта мектебінің оқушылары. Екеуі 7-сыныпта, біреуі 3-сыныпта оқиды. Балаларға алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, жедел жәрдеммен аудандық ауруханаға жеткізілді» делінген ведомствоның хабарламасында.
Әкімдіктің ақпаратына сәйкес, жүргізуші - 47 жастағы әйел.