05 қаз, 2016 сағат 20:10

Даниал Ахметов: Талдықорғандағы жаңаша әлеуметтік нысандар бізде де салынады

Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ Алматы облысымен өңіраралық ынтымақтастықты дамыту мақсатында облыс орталығы Талдықорған қаласында болып, қаланың жаңа ықшам ауданында бой көтерген Оқушылар сарайы мен Жастар спорт сарайында болып, орталық жастар саябағындағы, Қаратал өзенінің жағалауындағы абаттандыру жұмыстарын аралап көрді. 

 Облыс басшысына өздеріндегі жаңашылдықтарды Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ, оның орынбасары Серік Тұрдалиев, Талдықорған қаласының әкімі Бағдат Қарасаев, сондай-ақ, сала басшылары таныстырды. Шығыстан келген мәртебелі меймандарға алдымен «Жастар» деген әдемі атауға ие, сыртқы келбеті де ерекше ойластырылған Жастар спорт сарайы көрсетілді. 

 

Талдықорғандағы жаңаша әлеуметтік нысандар бізде де салынады


2010 жылы іске қосылған, аумағы 22757 шаршы метр аумақты алып жатқан нысандағы секциялардың жұмысын қонақтарға Алматы облыстық спорт басқармасының басшысы Тұратбек Шарапиев таныстырды. Мұнда Талдықорғанның талапты жастары үшін спорттың барлық түрімен шұғылдануға мүмкіндік бар. 

Талдықорғандағы жаңаша әлеуметтік нысандар бізде де салынады


Бір мезетте 2100-ден астам адамды қабылдай алады. 11 ойын залынан бөлек, футбол алаңы, теннис корты, екі волейбол алаңы, бір жағалау волейболы алаңы, сонымен бірге, фитнес зона, асхана және 15 нөмірлік қонақүй бар. Осының бәріне 135 адам қызмет көрсетеді. Атап өтерлігі бұл еліміз бойынша да ең үлкен спорттық нысандардың бірінен саналады.

Талдықорғандағы жаңаша әлеуметтік нысандар бізде де салынады


Келесі кезекте облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ биыл ғана қолданысқа берілген, үш қабаттан, бес корпустан тұратын, жиыны 52 үйірмесі бар Оқушылар сарайына барып, талдықорғандық оқушылардың жетістіктерімен танысты. Оның директоры Ләззат Есболова Оқушылар сарайының жұмысынан хабардар етіп, сурет, көркемөнер көрмесімен, кеме үлгілерін жасау сыныбымен, хореография кабинетінің, хор және домбыра сыныптарының жұмыстарымен таныстырып өтті. 

Талдықорғандағы жаңаша әлеуметтік нысандар бізде де салынады


Мұнда сонымен бірге, оқушылар шатырға арнайы орнатылған телескоптың көмегімен ғарыш кеңістігін де тамашалай алады. Нысанда үйірмелерге арналған 45 кабинет болса, оның төртеуі шеберхана, сегіз зертхана, үшеуі көрме залы. Одан өзге концерт, акт, конференция залдары, медиатека, мұражай, дыбыс жазу студиясы, жұлдызды зал және обсерватория қарастырылған. Қысқасы, оқушылар үшін қосымша білім алуға барлық мүмкіндіктер туғызылған. 

Жобалық қуаты 1800 адамға шақталған сарай басшысының айтуынша, осындағы жаңашылдықтар облысқа жұмыс сапары кезінде Мемлекет басшысына да таныстырылған екен. 
Мұнан соң Шығыс Қазақстан облысының делегациясы осы нысанның жанында орналасқан жастарға қызмет көрсету орталығында да болды. Бұл жерде Алматы облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Рустам Алпысбаев арнайы қойылған стенд арқылы орталықтың қызметінен, облыс жастарының өмірінен, облыстық «Жасыл ел» штабы мен студенттік құрылыс жасағының жұмысынан толық ақпарат ұсынды. Даниал АХМЕТОВ одан жастарға қызмет көрсету бөлімінің жұмысы туралы сұрастырып білді.

Р.Алпысбаевтың сөзінше, жас отбасы ретінде өңірде 128 отбасы баспаналы болса, жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған 160 балаға баспана беріліпті. «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасымен 13 жас кәсіпкерге 70 млн.-нан астам теңгенің көмегі көрсетілген. Техникалық және кәсіптік білім беруде 73 колледжде 32 261 адам қамтылған. Биыл он мыңға тарта адам мамандық алып шыққан. Жастарға қатысты барлық мәселелер шешіліп жататын бұл нысан да биыл қолданысқа беріліпті. 

Ерекше атап айтарлығы, жастарға қатысты бұл нысандардың бәрі де бір аумақта жақын орналастырылған. Ара қашықтықтары бес-он минуттан аспайды. Осыған қарап, қала жастарына барынша жағдай жасалғанын бірден аңғаруға болады. 

Талдықорғандағы жаңаша әлеуметтік нысандар бізде де салынады


Қаладағы орталық жастар саябағы да мәдени шаралардың басым дені өткізілетін, жастар жиі бас қосатын көрікті жерлердің бірі. Жақында ғана жаңаша талаппен заманауи үлгіде абаттандырылған мұнда қала күні мерекесіне орай ақын Мұқағали Мақатаевқа арнайы кеуде мүсін де орнатылған екен. Сондай-ақ, қыз бен жігіт ескерткіші, әуенді су бұрқақ, балалар дәмханасы, жасанды тоған, аллея, автотұрақ орын тепкен.

Талдықорғандағы жаңаша әлеуметтік нысандар бізде де салынады

 


Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ қаламен танысу жұмыстарын Қаратал өзенінің жағалауындағы абаттандыру жүргізілген, жаңадан іске қосылған демалыс орындарын көрумен қорытындылады. Бас-аяғы бір жарым шақырымға созылған жағалауда қала тұрғындарына демалыс уақыттарын тиімді әрі қызықты өткізуге барынша мән берілген. Төрт ойын алаңы, екі скейтдром, ролдром, веложол, «Купол», «Маркиза», «Балерина» атауларын алған әдемі шатырлар, гүлзарлар, жүргіншілер жолы осы мақсатта қызмет етуде. 

– Талдықорған қаласына келмегеніме 10 жылдай уақыт болыпты. Қала жасарып, жайнап кеткен. Құрылыс саласында оң өзгерістер бар екен. Жаңадан бой көтерген әлеуметтік нысандар елді қызықтырады. Тұрғындарға барынша жағдай жасалған. Менің өзіме де ұнады. Мәселен, Оқушылар сарайы, Жастар сарайы, жастарға қызмет көрсету орталығы сияқты жаңа ғимараттарды, демалыс нысандарын біздің өңірде де салу қажет деп санаймын. Бұл облыстан үйренеріміз бар. Мен Семей қаласының әкіміне, құрылыстағы басшыларға тиісті тапсырма бердім. Менің көмекшілерім арнайы келіп, барлығын зерделейтін болады. Бұйыртса, алдағы бірнеше жылда Семей қаласында осындай жаңа жобалар жүзеге асатын болады. Сонымен қатар, ертең қала күні. Сондықтан барша талдықорғандықтарды төл мерекелерімен құттықтаймын! - деді мұндағы жұмыс сапарын қорытындылаған облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ.

 

Дәурен Аллабергенұлы

Суреттерді түсірген - Ғылымбек Сәбитов.

"Дидар" газеті