21 ақп, 2022 сағат 14:48

Талдықорғанда полициядан 20 тапанша ұрлаған күдікті анықталды


Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР Бас прокуратурасы 1-қызмет бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов Өскемендегі тәртіпсіздік кезіндегі фактілерді айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бұлтартпау шараларын қайта қарау бойынша жұмыс тұрақты жүргізіледі. Бұл ретте адамдар зардап шеккен және залал келтірілген қылмыстарға белсенді қатысушылар үшін ең қатаң бұлтартпау шарасы қолданылатынын нақты айта аламыз. Мысалы, Өскемен қаласындағы жаппай тәртіпсіздік барысында азамат К. және Р. есімді тұрғын сөз байласып, автокөлікпен Республика алаңына көлік дөңгелектерін апарды. Оларды тәртіпсіздікке қатысушылар мемлекеттік мүлікті өртеу үшін пайдаланған. Бұдан әрі, азамат К. «Ваз-2121» маркалы полиция автокөлігін өртеп, 5 млн теңге көлемінде залал келтірген», - деді Бас прокуратура өкілі. 

Сонымен қатар ол тағы бір жағдайда, Талдықорған қаласында азамат Т. адамдар тобындағы жаппай тәртіпсіздіктердің белсенді қатысушысы бола отырып, Полиция басқармасының ғимаратына кіріп, 20 тапаншаны ұрлап кеткенін айтты. 

«Атыс қаруын алған азамат Т. полиция ғимаратында оқ атуды бастады», - деді Е. Қилымжанов.