Алматы облысында эпидемологиялық ахуалдың жақсаруына байланысты Талдықорған қаласындағы екі провизорлық орталық жабылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Өмірзақ Ниязбеков провизорлық стационарларды кезең-кезеңмен консервациялау басталғанын айтты.
«Бүгіннен бастап Талдықорған қаласындағы әскери госпитальда ашылған провизорлық орталық жабылып, госпиталь қалыпты жұмысын бастады. Сонымен қатар, облыстық тері-венерологиялық диспансер де жоспарлы түрде науқастарды қабылдауға дайын», - деді басқарма басшысы.
Сонымен қатар, Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Өмірзақ Әбелсейітұлының айтуынша, облыстағы стационарлар жүктемесінің төмендеуіне байланысты инфекциялық төсек саны 520-дан 490 орынға, провизорлық төсек саны 3560-тан 2541 орынға дейін қысқартылған.
Бүгінгі күні Алматы облысында ашылған провизорлық орталықтарда 1043 адам ем қабылдап жатыр. Осы уақытқа дейін 4048 адам жазылып шықты.