21 қар, 2016 сағат 15:05

Талдықорған тынысы: Жарқын іс - жауапкершіліктен

 

Осы аптада Алматы облыс әкімінің жаңадан тағайындалған орынбасары Жақсылық ОМАР алғашқы жұмыс сапарын Талдықорған қаласы мен Қарасай, Жамбыл аудандарын аралаудан бастады. Өңірдің бас идеологы облыстың әлеуметтік және мәдени даму көрсеткіштерімен танысып, жаңадан бой көтерген медицина мекемелеріне, бірнеше білім ордасына, театрға, музейлер мен кітапханаларға бас сұқты. Ана мен бала денсаулығына баса мән берген Жақсылық Мұқашұлы перзентхана басшылығына дәрігерлердің біліктілігін көтеруді, сәбилер өлімінің алдын алуды тапсырды. Сондай-ақ, музей мен кітапханаларды аралап көрген идеолог Жетісу өлкесінің тарихынан сыр шертетін құнды жәдігерлердің аздығын алға тартты. Ал Алатаудың етегінде жалғасқан жұмыс сапарында облыс әкімінің орынбасары жыр алыбы Жамбылдың рухына тағзым етіп, шалғайдағы елді мекендердің мәдени өмірімен танысты.

Өлкедегі өркенді істер

Облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар (оң жақта) Қарасай ауданына ат басын бұрып, өлкенің тыныс-тіршілігімен танысты. Аудан әкімі Махаббат Бигелдиев қасиетті Қарасай жерінің жетістіктерін айшықтап, жасалып жатқан жұмыстарды көрсетті.

Алдымен Қырғауылды ауылындағы былтыр ғана пайдалануға берілген балабақшаға келген Жақсылық  Мұқашұлы бүлдіршіндер үшін жасалған жағдайға ризашылығын білдірді.  Қырғауылды – жаңарған елді мекен. Алматыдай ірі мегаполистің іргесінде орналасқан ауыл күн санап өсіп, өркен жайып келеді. Осы орайда жаңадан ашылған 320 орынды балабақша тұрғындар үшін ерекше сый болғаны анық. Талапқа сай, заманауи үлгіде салынған жарық та кең ғимарат ішінен қамқор көңілдің лебі сезіледі.  Қазақ тілінде тәрбие беретін мекемеде өзге ұлттың өкілдері де  баршылық.

– Балаларының болашағын Қазақстанмен байланыстырғысы келген өзге ұлттың өкілдері сәбилерін қазақ балабақшасына беруді үрдіске айналдырып келеді, – дейді облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Базарқұлова. – Біз ата-аналардың тілектерін ескере келіп, оларды қазақ топтарына қабылдап жатырмыз. Қажет болып жатса мұнда орыс топтарын ашуға да мүмкіндік бар. Алайда әзірге ондай сұраныс түскен емес.

Бүлдіршіндердің ұйықтайтын, ойнайтын, спортпен шұғылданатын бөлмелерін аралай келіп, ән-күй бөлмесіне бас сұққан Жақсылық Мұқашұлы естияр балалар тобынан Мемлекеттік Гимнді орындап бергендерге сыйлық беретінін айтты. Осы жерде тұрған    20-ға жуық сәбидің бірі қалмай Гимнді шырқай жөнелгенде облыс әкімінің орынбасары уәде бойынша балаларға ойыншықтар сыйға тартты.

Өңір идеологы Қаскелең қаласындағы тарихи-өлкетану музейінде болып, ондағы жәдігерлермен танысты. Қонақтарды қарсы алған музей директоры Мәрия Қожанова мен мекеме қызметкерлері Қарасай ауданының тарихы, осы өлкеде дүниеге келіп, еліне еңбек еткен белгілі тұлғалар жайлы мағлұматтарды жеткізді. Құрметті қонақ музейдің естеліктер кітабына қолтаңба қалдырып, болашақта экспонаттарды жаңартуға қатысты ойларын ортаға салды.

Қарасай аудандық ауруханасымен танысуды зертханадан бастаған Жақсылық  Мұқашұлы мемлекет пен жеке бизнестің серіктестігі аясында  жасалынған заманауи құрылымға оң бағасын берді. «Олимп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі  Қазақстан бойынша  әлемдік талаптарға жауап беретін 17 зертхана ашып үлгеріпті. Қаскелең қаласындағы аурухана ғимаратынан ашылған 18-ші зертханаға 707 миллион теңге салынса, алдағы уақытта оны кеңейте түсу жоспарланып отыр.

Қаскелең қаласындағы перзентхана өлкеміздегі ең озық мекемелердің бірі болып саналады. Мұнда аналардың босануы мен сәбилерді жетілдіруге қажетті құрылғылардың бәрі қамтамасыз етілген. Перзентхананың жұмысымен жете танысқан Жақсылық Мұқашұлы аурухана директоры Сәуле Сауранбаеваға тұрғындарға көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын арттыруды тапсырды.

Үштерек ауылы – аудандағы жаңадан бой көтерген елді мекендердің бірі. Тұрғындардың көптігіне қарамастан мұнда бастауыш мектеп қана жұмыс жасайтын. Ал жоғары сынып оқушылары Үшқоңыр ауылына қатынап оқып келген. Осыған байланысты мұнда 300 орынды орта мектептің құрылысы басталғанына да көп бола қойған жоқ. Жақсылық Мұқашұлы мектептің құрылыс қарқынымен танысып, құрылысшыларға сәттілік тіледі.

Осыдан кейін Үшқоңыр ауылындағы Қарасай батыр атындағы мектепке келген облыс әкімінің орынбасары сынып бөлмелеріне бас сұғып, оқушылармен, ұстаздармен тілдесті. Еркін әңгіме-сұхбат барысында білім шаңырағындағы ахуал жайлы, шешімін күткен мәселелер турасында ашық айтылды. Жақсылық Мұқашұлы мектеп жанынан ашылған «Шапағат» мұражайында болып, Елбасының балалық, жастық шағын баяндайтын, Үшқоңыр ауылының өткені мен бүгінінен хабар беретін мұрағаттарды тамашалады. 

Қуат Қайранбаев

Қарасай ауданы.

Жыр алыбына тағзым етті

Облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар ақындар мен батырлар елі атанған ауданға сапарын Жамбыл ауылына барудан бастады. Поэзия алыбының рухына тағзым етіп, осындағы ақын музейінде сақтаулы  тұрған жәдігерлерді аралап көрді. 

Биыл ғана күрделі жөндеуден өтіп, қайта жаңарған тарихи орынның жұмысымен музей директоры Мәулен Қожашев таныстырды. Одан кейін ауылдық Мәдениет үйіне бас сұққан Жақсылық Мұқашұлы «Сүйінбай сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің шағын концертін тамашалады. Өңір идеологы Мәдениет үйінде орналасқан ауылдық кітапханамен танысып, аудандық, облыстық мерзімді басылымдардың тігіндісіне назар аударды. «Жетісу» газетінің шілде айынан бергі сандарының жоқтығын бірден байқап, ескертпе жасады. Сондай-ақ, кітапханашыларға тұрғындарды қандай кітаптар қызықтыратынын, ауыл адамдарына нендей баспа өнімдері қажет екенін зерделеуді тапсырды. Кітап қорының жаңа әдебиетпен толығу жайын сұрап білді.

Жақсылық Омарды Жамбыл аудандық орталық ауруханасында мекеме директоры, облыстық мәслихат депутаты Доғдыркүл Молдахалықова денсаулық сақтау саласынан хабардар етті. Бас дәрігердің айтуынша, 158 мың тұрғыны бар ауданда 193 дәрігер халыққа қызмет көрсетеді. Науқастар саны 14800 адам. Скринингтік тексерумен халықтың 91 пайызы қамтылған. Аудан орталығына жаңа емхана қажеттігі сезіледі. Облыс әкімінің орынбасары кардиология кабинетіндегі медицина қызметкерлерімен тілдесіп, 800 адамның жүрек-қантамырлары сырқатымен тіркелгенін, жүрекке ота Алматы қаласында жасалатынын білді. Сондай-ақ, балалар дәрігері, рентген, флюорография, маммолог, онколог, телемедицина кабинеттерінің жұмысымен танысты. Осындағы 25 орынды перзентханада болып, ана мен баланың өмірі мен денсаулығын қорғау ісіне ден қойды. Аудан бойынша 10 акушер-гинеколог еңбек етеді. Қазір 1500 жүкті әйел тіркеуге алынып, дәрігер бақылауында. Биыл бір үшем дүниеге келді. Қазір аман-есен өсіп жатыр, аудан басшылығы тарапынан ата-аналарына үй де беріліпті. 

Өңір басшысының орынбасары одан кейін Жаңақұрылыс ауылындағы осы оқу жылында қолданысқа берілген Абдолла Қарсақбаев атындағы орта мектепке ат басын тіреді. Сәулеті келіскен жаңа ғимарат Елбасының «Нұрлы Жол» бағдарламасы бойынша заманауи үлгіде бой көтерген. 600 орынды білім ұясында екі ауысыммен 1200 оқушы оқиды. 

Мектептің екі спорт залында өрендер волейбол, баскетбол ойнап, дене шынықтырады. Жақсылық Омар салауаттылыққа шақыратын спорт залдарын аралап шығып, жаңа білім ордасының 8-сынып оқушыларымен тілдесті.

Серік САТЫБАЛДИЕВ
Жамбыл ауданы.

Қатаң талап қойылды

Облыс  әкімінің орынбасары Жақсылық Омар Талдықорған қаласындағы іргелі медицина мекемелерін аралап, тыныс-тіршілігімен танысты.  Алғашқы ат басын тіреген мекеме – облыстық перинаталдық  орталық болды. Тоқсаныншы жылдардың басында қолданысқа берілген медициналық емдеу орнында жылына бес мыңға жуық сәби дүниеге келеді.  Мысалы, былтырғы жылдың 10 айында  3694 нәресте жарық дүние есігін ашса, биыл осы мерзімде 4105 бала туған.  Бұл көрсеткіштер демографиялық жағдайымыздың жақсарып келе жатқанын айғақтайды.

Орталықта шала туған балаларды қалыпқа келтіретін 9 «кювез» аппараты бар. Облыс әкімінің орынбасары нәрестелерді жарық дүниеге бейімдеп  жатқан  бөлмеге арнайы бас сұқты.   Мұнда дәл осы уақытта   4 бала бар екен.  Нәрестелер тіршілік белгісін байқатып, қол-аяқтарын әлсіз қозғалтып қояды.  Жақсылық Мұқашұлы медицина мекемесінің директоры Қанат Жұмашевтан балалардың  салмағының жетілмей тууына не себеп екенін сұрады.  Дәрігер бұл сұраққа: «Сәбилер  салмағының жетілмей тууына, біріншіден, анасының  бүйрегіндегі сырқат себеп.  Бүйрек жетіспеушілігі салдарынан бала тууды көтере алмайтын аналар болады. Бірақ, кез келген әйел дүниеге сәби әкелгісі келеді.  Сондықтан, біразы  жүкті болғаннан кейін «Қауіпті жағдайды дәрігерлер ескертті, бірақ өзім  бала тууға бел байладым» деген мағынада қолхат жазып береді.  Одан әрі қарай «тәуекел тобына» жатқызылған ана мен баланың денсаулығын қадағалағаннан басқа амал қалмайды», – деп жауап берді. Жақсылық Омар емдеу мекемесін аралау барысында көптеген кемшіліктің  барына көз жеткізді. Біріншіден, мекеме іші қаракөлеңке. Жарықшамдар аз. Асханаға кіргенде үстел-орындықтардың  ескі, заман талабына сай емес екендігіне куә болдық. Асханада ілініп тұруы тиіс ас мәзірі де жоқ. Босанатын әйелдердің қандай тамақ ішетіндігін білгісі келген басшы мәзірге қаныға алмады. Сондай-ақ, 7-8 әйелдің бір палатада жатқандығы да көңілден шықпады.  Емделушілер  теледидар көріп, әңгімелесіп отыруы тиіс  орын бос тұр. Теледидар, диван қойылмапты.   

Облыс әкімінің орынбасары мамандарды оқытуға баса көңіл бөлу керектігін айтты. «Алматыға барып, оқып келді дейсіз. Жақын қалаға бару қыдырып келу деген сөз. Оқытсаңыз озық үлгілі шетел медицинасын меңгертіңіз, тіпті болмағанда Ресейге барып тәжірибе жинасын мамандар. Бір ай емес, бірнеше айға жіберіп оқыту керек. Перинаталдық орталық болғаннан кейін басқаларға біліктілігі жоғары, кәсіби маман ретінде көмек көрсетулеріңіз керек. Ол үшін  сіздерде телемедицина жоқ.  Медицинаға жылына қыруар қаржы бөлінеді.  Соны дұрыс игеріп, ең қажет аппараттар алу керек. Осы кемшіліктердің орнын толтыру үшін  бір ай мерзім беремін. Бір  ай  өткен  соң   қайта  келіп тексеремін, – деді.  

Мұнан кейін Жақсылық Мұқашұлы 250 адамға арналған  облыстық ауруханаға  барды.  Онда жансақтау бөлімін, инсульт орталығын, жарақат бөлімін көрді.  Мекеме басшысы  Мұрат Рахметов  ауруханаға  ауа сорғыштың  керек екенін  айтты.  Облыс әкімінің орынбасары келесі кезекте қалалық көпсалалы ауруханаға бас сұқты.  Онда заман талабына сай  магниттік резонанстық томографияның жұмысымен танысты.  Компьютерлік жүйе бойынша жұмыс істеп жатқан емдеу мекемесіндегі жаңалықтарға қанықты. Мұнда да біраз кемшіліктің бары анықталды. Маман жетіспейді. Сондай-ақ, су құбыры дұрыс істемейді. Мекеме басшысы Сәуле Рысбекқызы бұл кемшілікке мердігердің кінәлі екенін айтты. Десе де, пайдалануға берілген емдеу орнында  ыстық судың жоқтығы көңілге қонбас мәселе екені белгілі.  

Мұнан кейін  басшы мәдени ошақтардың бірнешеуінің жағдайына қанықты. Алдымен Мұхаметжан Тынышпаев атындағы облыстық тарихи-өлкетану мұражайына бас сұқты. Онда да  мұрағаттық құнды дүниелердің аздығы және жөндеу жұмысының керектігі  сөз болды.  

Облыс әкімінің орынбасары түстен кейін білім шаңырақтарын аралады. Маңдайалды білім шаңырағы № 24 экономика-бизнес арнаулы лицейі және «Айналайын» балалар үйінің тыныс-тіршілігімен танысты.  Балалармен әңгімелесіп, арман-тілектері жайы сұрады.  

Қаладағы №20 мектеп-лицей №4 мектеппен бір ғимаратта отыр. Осындай себептерден асхана, спорт залды пайдалану қиындық тудыруда. Облыс әкімінің орынбасары болашақта мектептің өзекті мәселесін шешу бағытында жұмыс жүргізетінін айтты.  Жұмысты саралау барысында облыс әкімінің орынбасары көптеген кемшіліктің орын алып отырғандығын анықтап, түзету үшін мерзім берді.  Талапшыл басшы істі өнімді жүргізу үшін жұмыстың ретін табу керек екенін баса айтты.

Гүлжан Тұрсын

"Жетісу" газеті