22 қаз, 2021 сағат 16:39

Талдықорған полицейлері балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау бойынша акция өткізуде


Талдықорған қалалық полиция басқармасының қызметкерлері балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау мақсатында «Қатыгездік пен зорлық-зомбылықсыз балалық шақ» атты апталық акция өткізуде, деп хабарлайды «Ұлт ақпарат» облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Акцияның мақсаты – балаларды қатыгездікпен және немқұрайлықпен қарау проблемасына қоғамның назарын аудару және қоғамда балаға зорлық-зомбылық жасауға жол берілмейтін нанымдарды қалыптастыру. Жалпы жасына, даму деңгейіне, әлеуметтік мәртебесіне қарамастан әрбір адамның өмірі  құнды», - дейді Талдықорған қалалық ПБ бастығының міндетін атқарушы, полиция полковнигі Марат Түсіпбеков.

Акция шеңберінде халықтың назарын балаларға қатыгездік көрсету проблемасына аударуға, олардың алдын алуға, ата-ана жауапкершілігін арттыруға, насихаттауға, зорлық-зомбылық және балаларға қатыгездік көрсету жағдайларында көмек көрсетудің қолжетімділігін қамтамасыз етуге және тиімділігін арттыруға бағытталған іс-шаралар өткізілетін болады. Сондай-ақ, әлеуметтік қауіпті жағдайдағы балаларды анықтау үшін рейдтік іс-шаралар мен түрлі түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.

Еске сала кетсек, «Қатыгездік пен зорлық-зомбылықсыз балалық шақ» акциясы Талдықорған қаласының аумағында 20-28 қазан аралығында  өткізіледі.

«Акция барысында біз білім беру органдарымен бірлесіп, жалпы білім беретін оқу орындарының ата-аналар комитеттерімен кәмелетке толмағандарға қатысты жасалатын қылмыстардың алдын алу мәселелерін талқылау және шаралар қабылдау үшін жиналыстар өткізуді жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, кәмелетке толмағандарға қатысты жасалатын бопсалау фактілерін анықтау және жолын кесу мақсатында жалпы білім беретін оқу орындарында жасырын сауалнама жүргізіледі», - дейді Алматы облысы ПД ЖПҚБ ЕТЖ аға инспекторы, полиция подполковнигі Медет Құнанбаев.

Сондай-ақ, тәртіп сақшылары тұрғындар арасында кәмелетке толмағандарға қатысты тұрмыстық, сексуалдық зорлық-зомбылық пен қатыгездіктің алдын алу бойынша ақпараттық жадынамалар мен буклеттер тарататын болады.

«Кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу жөніндегі ата-ана міндеттерін тиісінше орындамау фактілерін анықтау мақсатында ІІО есебінде тұрған  «қолайсыз отбасылардың» тұрғылықты жері бойынша түсіндіру және алдын алу жұмыстарын жүргізу үшін тексеру ұйымдастырылады. Кәмелетке толмағандар арасында ерте жүктіліктің алдын алу үшін облыстың жоғары сынып оқушылары арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін денсаулық сақтау органдарының медицина қызметкерлері тартылады», - деп толықтырды подполковник М.Құнанбаев.