Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform
Жетісу облысының орталығы Талдықорғанды жаңа жылдық безендіруге биыл жергілікті бюджеттен 35 960 341 теңге бөлінген. Мерекеге дайындық жұмыстары 17- ші желтоқсанда басталып, 23-іне дейін аяқталады деп жоспарланып отыр, деп хабарлайды Ult.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.
Желтоқсан айының орта шенінде еліміздегі өңірлердің бәрі жылдағы дәстүрге сай жаңа жылдың қамына кірісетіні анық. Орталық алаңдарға шыршалар орнатылып, қала ішінде түрлі- түсті шамдар жағылады. Санаулы күндер ғана сән- салтанаты асып тұратын безендірулерге бюджеттің бүйірін солқылдатып, миллиондар жұмсалады. Жетісу облысының орталығы Талдықорған қаласына биыл жаңа шыршалар алынбайды. Есесіне қолданыста бар 3 шыршаға ілінетін шамдар (купол) мен барлық безендіру жұмысына 19 129 230 теңге бөлінген.
— Жаңа жылдық жаңа шағын сәулет нысандарын жасатуға 12 124 000 теңге бөлінді. Былтырдан қалған 30 данасын қалпына келтірдік. Оның сомасы 4 707 111 теңгеге шықты. Безендіру орталық алаңнан бөлек, «Жастар» саябағы мен «Береке» коттедж қалашығына, қала маңындағы Өтенай мен Еркін ауылдық округтеріне де жүргізіледі, — деді Талдықорған қалалық әкімдігінің баспасөз қызметі.
Айта кетейік 2022 жылы қала әкімідігі құны 3 млннан асатын 3 шырша (9 871 000 теңге) сатып алғанын мәлімдеген болатын. Сол жылы жаңа жылдық безендіруге 36,5 млн теңге бөлінген еді. Қала тұрғындарының кейбірі мұндай шараларға жыл сайын ақша жұмсағанша қаланың кем- кетігін толтырса дегенді айтады.
— Меніңше милииондарды шырша мен шамдарға жұмсағанша қаладағы көп мәселерді шешіп, соларға берсе. Көпқабатты үйде тұрамыз. Үйіміз суық. Талдықорғанда қоқыс мәселесі өзекті. Қала маңында мүлде жарық жоқ көшелер бар. Соларды жағып берсін. Шырша көп болса 10-15 күн ғана тұрады. Ал, мәселеміз жылдар бойы шешілмейді, -дейді қала тұрғыны Балжан Байтоқова.
Еске салайық осыған дейін Ақтөбеде Жаңа жыл мерекесіне орай қаланы безендіруге қаржы бөлінбейтінін жазғанбыз.