Ұлт жоспарының 57-қадамында «Туристік кластерлер құруда үздік тәжірибесі бар стратегиялық (зәкірлік) инвесторлар тарту» тапсырмасы қойылды. Бұл орайда Щучье-Бурабай курортты аймағын дамытудың кешенді жоспарына қатысты шаралар ойдағыдай атқарылуда.
Ақмола облыстық туризм басқармасының мәлімдеуінше, былтыр туризм саласында 8 жоба жүзеге асырылған. Бұл мақсатта шетелдік және қазақстандық инвесторлар қаржысы тартылғанын айта кету керек. Мұның бәрі әлемдік деңгейдегі туристік орталықты құруға бағытталған. Жыл сайын аталмыш аймақта 5-10-ға дейін туристік инфрақұрылым нысаны бой көтеруде. Оның ішінде «Riхos» қонақ үйін, «Қазақстан Лапландиясы» ойын-сауық кешенін, әр түрлі бағыттағы мәжіліс залы мен бөлмелері бар «Хаус паркін» атап өтуге болады.
Қазіргі таңда өңірлік туризмді дамытуға Ресей мен Қытай инвесторлары айрықша қызығушылық танытып отыр. Сондай-ақ, туристік компаниялар мен ұйымдар тарапынан да қаржы тарту мәселесі белсенді сипат алды. Әсіресе, «Astana Leisure-2016» халықаралық көрмесі ақмолалықтар үшін табысты болды. Бизнес-форумға туристік кластердің жүзден астам өкілі қатысуы Бурабайдың тартымдылығын айшықтауға үлкен әсер етті. Ақмоланың туристік алаңында жергілікті 27 фирма өз жобаларының таныстырылымын өткізді.
Халықаралық көрме жұмысы аясында облыстың туристік ұйымдары отандық және шетелдік 100 туристік оператор келісімшартқа қол қойса, туристік бизнестегі 300 әріптеспен ынтымақты байланыс орнату ниеттестігіне арна тартылды. Осы трансконтиненталдық көрмені ұйымдастырушылар тарапынан ақмолалықтардың «Ең үздік көрме экспозициясы» аталымына лайық деген ұйғарымы облыстағы туристік әлеуеттің жоғарылығын айқындайды.
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы