ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, «Адалдық алаңы» және арнайы мониторинг тобының мүшелері «СҚ-Фармация» ЖШС Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент және Ақтөбе қалаларындағы қоймаларына тексеру жүргізді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Ведомство мәліметінше, тексеру барысында аталған қоймаларда Covid-19 емдеу хаттамасында қолданылатын медициналық препараттар жеткілікті көлемде анықталған. Сондықтан агенттік Катардан келген гуманитарлық көмекті қоймадан Павлодар облыстық ауруханасына беру процесін тексереді. Гуманитарлық көмек жеке қорғаныс құралдары түрінде берілген.
Агенттіктің Шымкент қалалық департаменті Қытай Халық Республикасының гуманитарлық көмегінің қаладағы медициналық мекемелерде бөлінуін қадағалайды. Облыстық департамент медициналық препараттар бар қоймаларды тексереді.
«Сондай-ақ, Қытай Халық Республикасы мен Ресей Федерациясынан келген гуманитарлық жүк Ақтөбе облысына түскен. Оны бөлу кезеңін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері бақылауға алып отыр. Олар медициналық көзілдіріктер, медициналық қорғаныс костюмдері, хирургиялық қолғаптар, термометрлер және басқа да қорғаныс құралдары», - деп атап өтеді ведомстводан.
Маңғыстау облысына да Біріккен Араб Әмірліктерінен вирустан қорғану құралдары түріндегі гуманитарлық көмек жетті. Осыған орай облыс әкімдігі медициналық құралдарды бөлуді бақылау бойынша арнайы комиссия құрып отыр. Арнайы комиссияның құрамында агенттіктің «Адалдық алаңының» мүшелері бар.
«Гуманитарлық жүкті бақылау және жеткізу бойынша мұндай жұмыстар еліміздің барлық өңірлерінде жүргізілуде», - деп атап өтеді агенттіктен.