Фото: inform.kz
Тек ет пен сүт өнімдері бойынша қайта өңдеудің нашар жүргізілуінің салдарынан жыл сайын 800 млн АҚШ долларын жоғалтып отырмыз. Бұл туралы бүгін Үкімет сағатында Мәжілістің Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы Серік Егізбаев айтты, - деп хабарлайды "Ұлт Ақпарат".
Депутаттың айтуынша қаражаттың барлығы шетелдік фермерлерді қаржыландыруға кетіп жатыр.
"Терең өңдеудің үлесі әлі де төмен болып отыр. Қайта өңдеу және тамақ өнеркәсібінің үлесі еліміздің барлық өнеркәсібі өнімдерін өндірудің жалпы көлемінің небәрі 6 пайызын құрайды. Атап айтқанда, 2023 жылы сүтті өңдеу үлесі – 33%-ды, етті өңдеу – 41%, жүнді өңдеу – 19%-ды, ірі қара мал терісін өңдеу үлесі 6%-ды құрады. Сонымен бірге дайын өнімнің импорты өсіп келеді: 2023 жылы сүт өнімдері бойынша өсім 400 млн АҚШ долларын құрайтын 20%-дан асты, ал ет пен ет өнімдерінің импорты 408 млн АҚШ долларын құрады", - деді Серік Егізбаев.
Депутаттың сөзінше мұның бір себебі статистиканың дұрыс жүргізілмеуінен.
"Сарапшылардың пікірінше, көрсеткіштерді асырып көрсету тек қана сүт бойынша – 2 млн тоннаны, ірі қара малдың саны бойынша 1 млн басты құрайды. Бұл осы уақытқа дейін жануарларды есепке алудың нақты және ашық жүйесінің дұрыс жолға қойылмауының салдарынан деп есептейміз. Осы саланы ретке келтіріп, заманауи цифрлық технологияларды қолдана отырып, мал басы мен өндірілетін мал шаруашылығы өнімдері бойынша статистикалық көрсеткіштерді қалыптастырудың бірыңғай жүйесін енгізетін кез келді", - дейді депутат.
Депутат Егізбаевтың сөзінше сапалы сүт шикізатының жетіспеушілігі және қайта өңдеу кәсіпорындарына жыл бойы біркелкі түспеуі осы саланың дамуына кедергі келтіріп отырған көрінеді.
"Әкелінетін шикізаттың 70%-ға дейін сапасы жағынан төмен болуы оның жеке шаруалықтардан алынуына байланысты", -деп отыр ол.
Жалпы, дәнді және майлы дақылдарды қоспағанда, ауыл шаруашылығы өнімдерін, оның ішінде ет, сүт өндірудің барлық көлеміні 85-90%-ы шағын шаруашылығы және жеке қосалқы шаруашылық үлесіне тиесілі екен.
"Келесі жылдың басынан бастап Кеден одағының техникалық регламентінде көзделген сүт шикізатына қойылатын жаңа талаптар күшіне енген кезде бұл проблема күшейе түседі", -деп отыр депутат.
"Машинамен сауылмаған, салқындатқыш танкерлерсіз, сапа және қауіпсіздік зертханаларынсыз дайындалған сүтті қабылдауға тыйым салынады. Уәкілетті органдардың осы мәселені шешудің әлі де нақты көзқарасы мен іс-қимыл жоспары жоқ. Нәтижесінде, аналитиктердің болжамы бойынша, сүт өнімдерінің импорты бүгінгі 40%-дан 80-90%-ға дейін өседі. Мыңдаған қала тұрғындары қаладағы сүт зауыттарында жұмысынан айырылса, ауыл тұрғындарының шамамен 70%-ы сүт тапсырудан түсетін әжептәуір табыс көзінен айырылады.Бұл ретте отандық өндірушілерге импорттық құрғақ сүт құнының төмен болуына байланысты сондай сүтпен жұмыс істеу тиімдірек болады. Жергілікті зауыттар құрғақ сүтке деген қажеттілікті тек 15%-ға жабады, тиісінше жергілікті өндірілген сүт-шикізаты сұраныссыз болып қалып отыр", - деді депутат Егізбаев Үкімет сағатында.
Депутаттың сөзінше бұл мәселелерді шешу үшін өндірілген өнімді дайындау мен өткізуді, әсіресе жеке қосалқы шаруашылықта ұйымдастыру бойынша нақты шаралар қажет. Сондай-ақ, шағын сүт өндірушілерді кооперацияға бірігіуді ынталандыру бойынша пәрменді шаралар әзірлеу керек және терең өңделген өнімдер шығару үшін жеке шаруалықтардың сүт-шикізатынан құрғақ сүт өндіру мәселесін қарастырып, сүт өңдеуші кәсіпорындар үшін оның құнын субсидиялау мәселесін қарастырған жөн. Сонымен қатар, субсидия алушылар – сүт өңдеу кәсіпорындары үшін отандық өндірістегі сүт шикізаты мен құрғақ сүтті басым түрде сатып алу бойынша қарсы міндеттемелерді көздеу қажет екенін айтып отыр депутат. Инвестициялық субсидиялау қағидаларына құрғақ сүт өндіру бойынша жобаның жеке паспортын енгізу мәселесін шешу мен бұдан басқа, сүтті терең өңдеуді ынталандыруға баса назар аудара отырып, сүт саласын субсидиялау тетіктерін қайта қарау ұсынды.