05 жел, 2022 сағат 11:30

Сурдлимпиада чемпионы Мәдениет және спорт министрлігін сотта жеңді


Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен 2022 жылғы Сурдлимпиада чемпионы Еркебұлан Қанафин арасындағы дауға қатысты шешім шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Ұлттық сурдлимпиада комитетінің мәліметінше, сот ҚР Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 151-152, 154-155 баптарын басшылыққа ала отырып, өткен ойындарда алтын медаль жеңіп алған Қанафинге ақшалай ынталандыру төлемін төлеуден бас тарту заңсыз шешім деп таныған.

«Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі» мемлекеттік мекемесінің Қанафин Еркебұлан Қайратұлына ақшалай ынталандыру төлемін төлеуден бас тарту әрекеті заңсыз деп танылсын. «Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі» мемлекеттік мекемесі 2020 жылғы 27 наурыздағы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілген мөлшердегі ақшалай ынталандыру төлемін Еркебұлан Қайратұлы Қанафинге төлеуге міндеттелсін», - делінген мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сот шешімінде.

Еске салайық, Еркебұлан Қанафин 5 мамырда Бразилияда өткен Сурдлимпиада ойындарындағы дзюдо бәсекесінде 81 келіге дейінгі салмақ санатында алтын медаль жеңіп алған болатын.

Алайда еліміздің Мәдениет және спорт министрлігі Ұлттық сурдлимпиада комитеті Қанафинді өз есебінен жарысқа жіберіп, Қазақстанның беделіне әлемдік спорт қоғамдастығының алдында нұқсан келтірді және спорттық этикалық қағидаларды бұзды деп мәлімдеген еді.