Фото: gov.kz
Шомылу маусымы қызып тұрған кезде қауіп-қатердің де қатар жүретіні белгілі. "От пен су - тілсіз жау" деген бар, мамандар суға түскенде абай болуды ескертеді.
ТЖМ мәліметі бойынша шомылу маусымы басталғаннан бері 102 адам суға батып кетті, оның ішінде 35 бала бар. Ал өткен 2023 жылдың осы кезеңінде 125 адам суға батып кеткен екен, оның 34-і бала көрінеді.
"Ол жерде судың ағысы қатты..."
Күні кеше Түркістан облысында 16 жастағы қыз ағын судың жанында селфи жасаймын деп тұрып, аяғы тайып, суға құлап кеткен. Төтенше жағдайлар департаменті қыздың денесін 2 күннен бері іздестіріп жатқанын хабарлаған. ҚР ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитеті төрағасының орынбасары Ақылбек Ахметжановтың айтуынша жасөспірім қызды іздестіруге Төтенше жағдайлар қызметінен екі топ жұмыс істеп жатыр, қажет болған жағдайда тағы да құтқарушылар осы іске тартылады.
"Ол жердің ағысы қатты болғаннан кейін суға батқан адам бір орнында тұрмай, ағып кетуі мүмкін. Сондықтан бұл жерде арнайы технологиямен іздестіріліп жатыр. Сүңгуірлер қыз суға батқан жерден бастап, ары қаратай жылжып, іздесмтіру жұмыстарын жүргізе бастайды. Оның үстіне су астын көру мүмкіншілігі жоқ. Сондықтан біздің сүңгуірлер мүлдем ештеңе көрінбейтін жағдайда жұмыс істеуге мәжбүр", - деді Ақылбек Ахметжанов Орталық Коммиуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Маманның сөзінше әдетте үлкен су айдындарына қарағанда кішігірім өзендер мен көлдерге адамдардың батып кету жағдайы көп тіркеледі.
"Суға батып қайтыс болғандардың 85 пайызы рұқсат етілмеген жерде шомылған"
Суға батқан ересектердің көбі өз күшін дұрыс бағаламағандықтан және ішімдік ішіп алып суға шомылғаннан екен. Сондай-ақ, суға батып кету қатері үлкендердің қарауынсыз қалған балаларда жиі болады екен.
Деректер бойынша биылғы жылдың басынан бастап патрульдеу кезінде 250 адам судан құтқарылыпты, олардың ішінде 63-і бала болған.
Бүгінгі таңда елімізде 85 мыңнан астам өзен мен 48 мың көл бар, оларда әкімдердің шешімдерімен 708 рұқсат етілген және 5 мыңға жуық шомылуға тыйым салынған орындар бекітілген. Барлық тыйым салынған учаскелер ескерту белгілерімен жабдықталған, мұндай жерлерде шомылған адам 7 АЕК айыппұл көлемінде әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
"Суға батып қайтыс болғандардың 85 пайызы рұқсат етілмеген, қауіпсіздік қамтамасыз етілмеген су көздерінде орын алып отыр. Осыған байланысты, ТЖМ рұқсат етілген және қауіпсіз орындарда демалу қажет екенін тағы да еске салады! Қауіпсіз орындар туралы мәліметтер БАҚ және меморгандардың сайттарында орналастырылған. Сондай-ақ 2GIS платформасын пайдалана аласыз", - дейді Ақылбек Ахметжанов.
Өкінішке қарай соңғы 10 жылда екі мыңнан астам адамның өмірі судан қиылып отыр. Олардың 701 – і бала екен.
"Дей тұрғанмен, әрбір құрғақ статистиканың артында адам өмірі мен жақындарының қайғысы тұрғанын ұмытпауымыз керек", - деп отыр маман.
ТЖМ азаматтарды су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырады!
Балаларды судың жанында қараусыз қалдырмаңыз және олардың өздігінен шомылуына жол бермеңіз;
Тыйым салу белгілері орнатылған және мас күйінде бейтаныс және жабдықталмаған жерлерде шомылуға немесе суға түсуге болмайды;
Жүзу шекараларын белгілейтін қалтқылардың артында жүзбеңіз;
Қайықтардың жанында жүзбеңіз!
Осы қарапайым ережелерді ұстану Сіздің және жақындарыңыздың өмірі мен денсаулығын сақтайды.