Алматы қалалық соттың төрағасы Нұрғазы Әбдіханов танымал әнші, композитор Гауһар Әлімбекованы неге ақтағанын түсіндірді, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі.
Бұған дейін Әлімбекова алаяқтық үшін алты жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Ал бүгін апелляциялық сот үкімі бойынша әнші ақталып шықты.
Сот отырысының соңында судья Әбдіханов неге мұндай үкім шығарғанын айтты.
"Біріншіден, айыптау үкімін болжамдарға негіздеп жасауға болмайды. Сот талқылау барысында нақты дәлелдемелердің жиынтығын негізге алуы қажет. Бірінші сотта да, апелляциялық сотта да біз мұндай дәлелдемелер таппадық. Екіншіден, сот алқасының отырысында Әлімбекова сотталушы Ордабаевамен бірге топ болып алдын ала сөз байланыспағаны, жәбірленуші Назарованың ақшасын әдейі жымқырмағаны анықталды. Керісінше, сот отырысында анықталғандай, Әлімбекованың өзі де Ордабаевадан алданып, пәтер алу үшін қаражат берген. Сөйтіп, ақшасынан және үш бірдей пәтерінен айырылған, - деді судья Нұрғазы Әбдіханов.
Сот үкімінен кейін Гауһар Әлімбекова өз әсерімен бөлісіп, халық жинаған қаражат жайлы пікірін айтқан болатын. Ол халықтан ақша алмайтынын, жиналған қаражаттың бәрін кері қайтаратынын мәлім еткен.