Фото: Ukimet.kz
Астананың мәдениет басқармасының бұрынғы басшысы Болат Мажағұлов пен мердігер ұйым өкіліне қатысты сот шешімі жарияланды, деп хабарлайды Ult.kz.
Сот Болат Мажағұловты аса ірі көлемде бюджет қаражатын жымқырғаны үшін Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша кінәлі деп таныды. Оған Есіл өзеніндегі "Күн" субұрқағының құрылысына бөлінген 1 миллиард теңгеден астам қаражатты иемденді деген айып тағылды.
"2016 жылы Астана күнін мерекелеуге арналған "Күн" субұрқағын салу кезінде субұрқақтың құрылысына келісім-шарттар мемлекеттік сатып алу рәсімін жүргізбей жасалған. Субұрқақ жобалық-сметалық құжаттамасыз және мемлекеттік сараптамадан өтпей тұрғызылған", – делінген сот хабарламасында.
Сот шешімімен мәдениет басқармасының экс-басшысы Болат Мажагұлов 8 жыл 6 айға сотталды.
Іс бойынша тағы бір айыпталушы, мердігер ұйымның өкілі Мәди Қанапин 3 жыл алты айға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ ол мемлекет қаржысын жымқыру (ҚК 189-бабының 4-бөлігі, 2-тармағы) және қылмыс жасауға жәрдемдесу (ҚР ҚК-нің 28-бабы 5-бөлігі) бойынша кінәлі деп танылды.
Сондай-ақ сот Мажағұлов пен Қанапиннен 1 миллиард 86 миллион теңге көлеміндегі шығынды өндіру туралы шешім шығарды.
Прокуратура бұрынғы мәдениет басқармасының басшысы Болат Мажағұловқа аса ірі мөлшерде сеніп тапсырылған мүлікті жымқырғаны үшін 10 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған еді. Болат Мажағұлов өткен жылдың қыркүйегінде қамауға алынған болатын.