02 мам, 2024 сағат 17:47

Су тасқыны зардабы: Бес өңірде 398 үйдің құрылысы басталды


Фото: ҚР Үкіметі


Республиканың 5 өңірінде су тасқынынан жарамсыз болып қалған 398 үйдің орнына жаңа баспананың құрылысы басталды. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің ресми өкілі Меруерт Ибраева айтты, деп хабарлайды «Ұлт ақпарат» Kazinform-ға сілтеме жасап.


«Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің хабарлауынша, 5 өңірде — Ақтөбе, БҚО, Қарағанды, Павлодар, СҚО-да 34 мердігер компания 398 үй салуға кірісті. Сонымен қатар, Қостанай облысында әкімдік 31 пәтер сатып алып, зардап шеккен отбасыларға берді», — деді ол орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.


Ресми өкілдің дерегінше, мына өңірлерде үй салу жұмыстары басталды:


— Ақтөбе облысында 11 мердігер компания Қобда ауданында 89 үй 
— Батыс Қазақстан облысында 12 мердігер компания Қаратөбе, Сырым және Теректі аудандарында 203 үй 
— Қарағанды облысында — 1 үй 
— Павлодар облысында — 5 үй 
— Солтүстік Қазақстан облысында 10 мердігер компания 100 үйдің құрылысын бастады.


«Су тасқынынан зардап шеккен өңірлердің әкімдіктері тұрғын үйлерді қалпына келтіру үшін мердігерлерді қамтамасыз ету жұмыстарын жалғастыруда», — деді Меруерт Ибраева.