30 қаз, 2024 сағат 12:00

Су тасқыны үшін жауап берді: Ұлытау облысында су басуына жол берген шенеунік қамауға алынды

Фото: видеодан кадр

Ұлытау облысында табиғи ресурстар басқармасының басшысына қатысты қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оның «Жезді өзенін санитариялау» жобасына байланысты қызметіне Қаржылық мониторинг агенттігі назар аударды, деп хабарлайды Ult.kz.

Тергеу барысында құрылыс нормаларының бұзылғаны және жобалық құжаттамадан ауытқулар анықталды. Бұл жобаға сәйкес анықталған су өткізу қабілетін төмендетіп жіберген. Қамауға алынған басқарма басшысы нақты орындалмаған жұмыстардың актілеріне қол қойған. Техникалық және авторлық қадағалаушылар да құрылыс нысанына бармай-ақ орындалған жұмыстар актілеріне қол қойған.

Осы лауазымды тұлғалардың әрекеттері 2024 жылдың көктемінде орын алған төтенше су тасқыны жағдайында 10 жеке үйдің су астында қалуына алып келді. Су тасқыны кезінде Жезді кентіндегі 24 жеке үйден 108 адам, соның ішінде 56 бала эвакуацияланды.