01 сәу, 2024 сағат 09:25

Су тасқыны: өңірлерде 20 мыңнан астам волонтер жұмыс істеп жатыр

Фото: ТЖМ


Ұлттық волонтерлер желісі жедел штабының жұмысы аясында еліміздегі 20 аймақтың әрқайсысында өңірлік волонтерлер фронт-кеңсесі базасында call center құрылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".


Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігі мәлімдеді.


Зардап шеккендерге көмек көрсетіп, волонтерлерді бөлуді үйлестіру үшін бірыңғай байланыс нөмірі +7 708 706 4242 жұмыс істеп тұр.


Ақтөбе облысы


Өңірде 4 мыңға жуық волонтерлық топтың қатысуымен су тасқынына қарсы белсенді іс-шаралар жалғасып жатыр.

Бүгінде олар су басқан үйлерден 2 мыңнан астам тұрғынды қажетті керек-жарақпен бірге эвакуациялауға көмек көрсетті, ерікті такси жүргізушілері тұрғындарды эвакуациялық пункттерге тегін тасымалдады. Су тасқынынан зардап шеккендерге көмек жинау жүріп жатыр. Соңғы тәулікте еріктілер 6000 адамға ыстық тамақ таратты. Жұмыс әлі де жалғасып жатыр.


Ақмола облысы


Су тасқынына қарсы іс-шараларға 200-ден астам волонтер қатысып, зардап шеккен 500-ден астам азаматқа көмек көрсетілді. Су басқан аумақтардың тұрғындарын эвакуациялау, ТЖД, басқа да құтқарушы қызметкерлерге ыстық шай мен тамақ ұйымдастырылды. Көкшетау қаласында көктемгі су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету үшін, қажетті заттарды қабылдау пункттері ашылды.


Батыс Қазақстан облысы


300-ге жуық волонтер ТЖД қызметкерлерімен бірлесіп, су тасқынына қарсы іс-шараларға қатысып, эвакуацияланған тұрғындарға жатын орындарымен және азық-түлікпен қамтамасыз етіп жатыр.


Қостанай облысы


Елді мекендерде 600 адамға ыстық тамақ ұйымдастырылды. Жоғары оқу орындары мен колледж студенттерін қоса есептегенде 200 волонтер тұрғын үйлерден су шығарып, тұрғындарды қауіпті жерлерден эвакуациялық пункттерге жеткізіп, азық-түлік өнімдерін тасымалдау жұмыстарын жасады.


Жалпы, елдегі аймақтарда зардап шеккендерге көмек жинау пункттеріне 20000 волонтер жұмылдырылды. Соңғы ақпарат бойынша 12 701 адам, оның ішінде 4 728 бала эвакуацияланды. Уақытша қоныстану пункттерінде 6 461 адам, оның ішінде 2 570 бала бар. Төтенше жағдай басталғаннан бері 4,2 млн м³-тан астам еріген су сорылды.