04 қыр, 2024 сағат 15:12

Су тасқыны кезінде шайылған жолдар әлі сол күйінде жатыр

Фото: 24kz

Қостанайдан Қарасу ауылына баратын тас жолдың алты шақырымын әлі су басып жатыр. Бұл туралы "Хабар 24" телеарнасы хабарлады.

Екі аралықта қатынайтын жұрт дала жолымен жүруге мәжбүр. Көлкіген суда тұрған электр бағандарының да құлау қаупі бар. Сондықтан бұл аумақта төтенше жағдай режимі әлі сақталып отыр. Қостанайдан аудан орталығы Қарасуға аса бір қажеттілік болмаса, былайғы жұрт қазір бара қоймайды. 

Өйткені көктемде тас жолды су басқаннан бері, қатынас қиындаған. Ол жаққа тек сексен шақырым айналма жолмен, не жаңбыр жауса ми батпаққа айналатын дала жолымен жетуге болады. Бәрінен бұрын арнайы қызмет көліктерінің жүргізушілеріне қиын.

"Жазда екі есе көп ылғал түсіп, көлдің су деңгейі түспек түгілі, көтеріліп кетті. Соған байланысты облыс басшылығы су арнасын бұру үшін қосымша арық қазу жөнінде шешім қабылдады. Оған 108 миллион теңге бөлінді", - дейді Динара Тұрсынбаева, Қарасу ауданы әкімінің орынбасары.


Ауданға тартылған электр бағандарының 15 проценті қазір суда тұр. Аяз түскенше ол маңайды құрғатып үлгермесе, мұз болып қатқан баған тіреуіштері бұзылып, қирауы мүмкін. Олай болған жағдайда аудан жарықсыз қалады.