26 сәу, 2024 сағат 17:58

Су тасқыны кезінде 120 мыңнан астам оқушы қашықтан оқып жатыр

© Sputnik / Стрингер

Су тасқыны кезінде 120 мыңнан астам оқушы қашықтан оқып жатыр және Солтүстік Қазақстан облысының зардап шеккен аудандарында БЖБ мен ТЖБ алынып тасталды. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрлігінің ресми өкілі Мереке Нұрмұханова Орталық Коммуникациялар Қызметінде өткен брифингте мәлімдеді деп хабарлайды "Ұлт Ақпарат".

"Оқу-ағарту министрлігі оқу процесін ұйымдастыру және су тасқыны орын алған өңірлердегі балаларды орналастыру бойынша жұмыстарды жүргізуде. Жалпы су тасқыны орын алған кезден бастап 45 мыңға жуық бала эвакуацияланды. 120 мыңнан астам оқушы қашықтықтан оқу форматына көшірілді", -деп отыр министрліктің ресми өкілі. 

Министрліктің таратқан мәліметтері бойынша, бүгінде бұрын эвакуациялық пункттерде болған 5 мыңға жуық бала оқу жылын келесі нысандарда аяқтауда: 
- балаларды сауықтыру орталықтарында - 600-ге жуық оқушы; 
- колледждер мен жоғары оқу орындарының жатақханаларында - 2 мыңға жуық бала; 
- республикалық маңыздағы мектеп-лицейлердің интернаттарында - 600-ге жуық бала. 

Қосымша резерв ретінде балаларға 7000 орын әзірленді. 

Ақтөбе, Атырау облыстарының барлық мектептерінде, сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облысының зардап шеккен аудандарында ағымдағы бақылау жүргізу (БЖБ мен ТЖБ) алынып тасталды. Ақмола, Қостанай, Батыс Қазақстан облыстарында шешім жекелеген жағдайларға байланысты қабылдануда. 

"Елімізде су тасқынына байланысты қалыптасқан жағдайды, сондай-ақ ата-аналар қауымдастығының ұсынысын ескере отырып, 2024 жылғы 25 мамырдағы оқу жылының аяқталуына орай барлық мектептерде Бірыңғай сынып сағатын өткізу туралы шешім қабылданды. 
Дәстүрлі түрде Бірыңғай сынып сағатының аясында сынып жетекшілері оқушыларымен бірге өткен оқу жылының қорытындысын шығарады.  Атап өту керек, аттестаттар тапсыру және «Алтын белгімен» марапаттау/ емтихандар аяқталғаннан кейін/ 12-15 маусым аралығында өтеді", -деп мәлімдеді Мереке Нұрмұханова .