03 сәу, 2024 сағат 14:54

Су тасқыны: Бес облыста 1376 үй су астында қалды

Фото: ҚР Парламенті Мәжілісінің баспасөз қызметі


Ақтөбе, Қостанай, Атырау, Ақмола, Қарағанды облыстарында су тасқыны басталғаннан бері 1376 үй және 1319 аула аумағы су астында қалды, деп хабарлайды төтенше жағдайлар министрлігі.


Үшінші сәуірдегі жағдай бойынша, 1 345 адам, оның ішінде 496 бала құтқарылды және эвакуацияланды.


"Су тасқыны басталғаннан бері 17 131 адам, оның ішінде 6 683 бала эвакуцияланды. 748 мың м3 еріген қар суы сорылды, 106 мыңнан астам қап және 156 мың тонна инертті материал төселді. Жалпы су тасқыны басталғаннан бері 5,7 млн. м3 астам еріген қар суы сорылды. 638 мыңнан астам қап және 912 мың тонна инертті материал төселд", - дейді ведомстводағылар.


Республикалық, облыстық және жергілікті маңызы бар 9 автожол арқылы су жүрді, 18 автожолды су шайды. Жалпы 77 автожол, оның ішінде 4 көпір және 73 жол төсемін қызыл су шайып кетті. 67 елді мекен көлік қатынасынсыз қалды.


"Қардың тез еруіне байланысты Ақмола облысы Жарқайың ауданының Пригородное ауылындағы 8 жеке тұрғын үйді су басты. 19 адам, оның ішінде 2 бала және 1 жүкті әйел эвакуацияланды, бұл ретте барлық эвакуацияланғандар туыстарының үйлеріне барды, сондай-ақ 34 бас мал қауіпсіз жерлерге айдалды", - дейді министрлік.


Ақтөбе облысы Ырғыз ауданының Қарасай ауылында 1 жеке тұрғын үй мен 2 аула аумағын су басты, тұрғындар алдын ала эвакуацияланған.


"Қардың еруі мен "Тереңсай" бөгетінің суға толуы салдарынан Әйтеке би ауданының Айке ауылындағы 2 жеке тұрғын үйді су басты, ауылдан Жүргенев ауылына алдын ала 297 адам, оның ішінде 79 бала эвакуацияланды. Ойыл ауданының 5 елді мекеніндегі жеке үйлерді су басуына байланысты ҚР ҚМ әуе кемелерінде Ойыл ауылы мен Ақтөбе қаласына қосымша 85 адам, оның ішінде 27 бала эвакуацияланды", - дейді төтенше жағдай саласының мамандары.


Батыс Қазақстан облысында Ұзынкөл су қоймасының толуы салдарынан Теректі ауданы Ұзынкөл кентін су басу қаупі төнді. Осыған байланысты Теректі ауданы Подстепное ауылы мен Орал қаласындағы халық алдын ала эвакуацияланды: 705 адам, оның ішінде 230 бала. Сондай-ақ, Деркөл және Шаған өзендерінде су деңгейінің көтерілуіне байланысты Орал қаласындағы Деркөл кентінің саяжай қоғамдарынан және Самал ауданындағы тұрғын үйлер мен саяжай қоғамдарынан тұрғындар эвакуацияланып жатыр.


Авариялық-құтқару жұмыстарына ТЖМ, ҚМ, ІІМ, ҰҚК, жергілікті атқарушы органдардың, ұйымдардың 12 мыңнан астам адам, 2,5 мың техника, 801 су айдау құралы және 105 жүзу құралы, 9 әуе кемесі жұмылдырылды.