Сурет: Rstomat4.medgis.ru
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында су ресурстарын тиімді пайдалану және заңсыз су тұтынумен күрес бойынша шараларды күшейту туралы мәлімдеді, деп хабарлайды Ult.kz.
Министрлік Бас прокуратура және Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, республикалық деңгейде жедел-аналитикалық жұмыстар мен рейдтік іс-шаралар ұйымдастыратын арнайы жұмыс тобын құруға келісті. Бұл топ заңсыз су пайдаланушыларды, сондай-ақ су шаруашылығы саласындағы адал емес қызметкерлерді анықтайтын болады.
Министр заңсыз су алудың бірқатар маманның өз міндеттерін орындамауынан туындағанын атап өтіп, су шаруашылығы мамандарына барлық қажетті жағдайдың жасалғанын, материалдық-техникалық базаның нығайтылғанын және жалақының көтерілгенін еске салды.
Жаңа заңнамалық түзетулер және цифрландыру
«Көлеңкелі» су нарығымен күрес аясында Суару суын пайдалану ережелеріне, Әкімшілік және Су кодекстеріне қосымша түзетулер әзірленіп жатыр. Бұл каналдардан заңсыз су алудың алдын алуға бағытталған. Сонымен қатар, Ұлттық су ресурстары ақпараттық жүйесі базасында суару процесін цифрлық мониторингтеу жүйесі жасалуда.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, өзендер мен көлдерді түгендеу қайта басталады. Бұл мемлекеттік су кадастрын қалыптастырып, климаттық тәуекелдер жағдайында шешім қабылдауға негіз болатын берік аналитикалық база құруға мүмкіндік береді. Орталық Азия өңірлік гляциологиялық орталығымен бірлесіп мұздықтар каталогын жасау жобасы пысықталуда.
Су ресурстарын есепке алу жүйесін жетілдіру
Су ресурстарын есепке алу жүйесін ұйымдастыру мақсатында «Қазсушар» РМК-ның «Су-метрология» филиалы қайта құрылуда. Жаңа құрылым су пайдалану есебінің стандарттары мен талаптарын әзірлеумен, есепке алу жүйелерін жобалау, орнату және тексерумен айналысады.
Министр барлық вице-министрге жүзеге асырылып жатқан жобалар бойынша кешенді жұмыс пен мониторинг ұйымдастыруды тапсырды. Гидротехникалық құрылысжайларды жөндеу және каналдарды тазалау үшін су шаруашылығы нысандарын пайдаланатын ұйымдардың материалдық-техникалық базасын күшейту қажеттілігін атап өтті. Сонымен қатар, Солтүстік Арал теңізінің көлемін ұлғайту жобасы бойынша техникалық-экономикалық құжаттаманы аяқтау және Ислам даму банкінің несиесіне мемлекеттік кепілдік алу мәселесін жеделдету қажет.
