Су құбырын сенімгерлік басқаруға беру мүмкіндігін қарастыру қажет. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету – алдымызда тұрған ең маңызды міндеттердің бірі. 2025 жылдың соңына дейін халықтың 100 пайызы таза ауыз сумен қамтылуы тиіс. Бұл – әлеуметтік маңызы жоғары мәселе. Сондықтан, әкімдіктер ауылдар мен қалаларда тиісті инфрақұрылымды тарту жұмыстарына ерекше мән беруі тиіс. Аталған жобаларды қаржыландыруға басымдық берілу керек. Қолданыстағы және жаңадан іске қосылатын нысандарды тиімді пайдалану үшін саланы автоматтандыру керек. Яғни, инновациялық технологияларды енгізуге ерекше мән берген дұрыс. Облыс әкімдері су құбырларын күтіп ұстап, оларды тиісті мекемелерге сенімгерлік басқаруға беру мүмкіндігін қарастыру қажет», - деді Үкімет басшысы.
Оның атап өтуінше, әкімдіктер ауыл ішінде жүргізіліп жатқан су құбырлары мен елді мекенге дейін тартылатын топтық су құбырларының жоспарын бір-біріне сәйкестендіруі тиіс.
«Кейбір топтық су өткізгіштердің құрылысы жылдар бойы аяқталмай жатқаны жасырын емес. Дегенмен, қазір жағдай біршама жақсарып келеді. Құрылысы ұзаққа созылған 10 жобаның қазір 7-еуі пайдалануға берілді. Қалған 3 жоба биыл іске қосылады. Мұндай проблемалардың орын алуының басты себебі - негізінен жобалық құжаттамалардың сапасыз дайындалуы», - деді ол.
Премьер-Министр соның кесірінен жоба құны бірнеше есе қымбаттап кетеді де тапсырыс берушілер мен мердігер компаниялар арасында келіспеушілік орын алатындығын баса айтты.
«Мұның барлығы жергілікті билік тарапынан үйлестіру жұмыстарының әлсіздігінен. Жаңа жобаларды іске асыру кезінде осы жайттардың барлығын ескеріп, тапсырма уақытында орындалуы қажет. Аталған проблемаларға қарамастан, жалпы, халықты сумен қамтамасыз ету жұмыстары жақсы қарқынмен жүріп жатыр» - деді Әлихан Смайылов.