26 сәу, 2024 сағат 12:51

Су деңгейлерінің көтерілуі күтіледі - Қазгидромет

Фото: Ашық дереккөзден

Қазгидромет алдағы күндерге ауа райының болжамын айтты деп хабарлайды "Ұлт Ақпарат".


"2024 жылғы 26-28 сәуір аралығында қатты жауын-шашын болжамына байланысты Жетісу облысының тау және тау етегіндегі аймақтарда беткейлік ағындының қалыптасуы және өзендерде су деңгейлерінің көтерілуі күтіледі, сонымен қатар судың жайылуы мен су басуы мүмкін.
Ескерту: қауіпті деңгейден асып кеткен жағдайда, өзендердің жайылма аумақтарында орналасқан елді мекендерді, шаруашылық құрылыстарды және жергілікті маңызы бар жолдарды су басу қаупі сақталады", -деді "Қазгидромет" РМК  баспасөз хатшысы Алина Исмагулова Орталық Коммуникациялар Қызметінде өткен брифингте.

Қазгидрометтің мәліметінше Қазақстан аумағының оңтүстік, оңтүстік-шығыс, шығыс бөлігіне әлі де Оңтүстік циклон әсер етеді және атмосфералық фронттардың өтуімен найзағаймен жаңбыр жауады, елдің шығысында түнде қар, күндіз жауын-шашын (жаңбыр, қар), елдің оңтүстік-шығысындағы таулы аймақтарда жауын-шашын (жаңбыр, қар), оңтүстікте, оңтүстік-шығыста қатты жаңбыр, бұршақ түседі, таулы аймақтарда қатты жауын-шашын (жаңбыр, қар) жауады. Республика бойынша жел күшейеді, оңтүстікте, оңтүстік-шығыста қатты жел соғады. Елдің батысында, солтүстігінде ғана жауын-шашынсыз ауа-райы сақталады. Ұлытау облысының шығысында түнде 2 градус аяз күтіледі. Маңғыстау облысының басым бөлігінде, орталығында, шығысында, батысында өрт қаупі жоғары болуы күтіледі.