Болгария астанасы Софияда бокстан Странджа кубогында қазақстандық спортшылар төрт алтын медальға қол жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қазақстандық боксшы Сағындық Тоғамбай (86 келі) салмақта финалда украиндық Сергей Горсковпен шеберлік байқасты. Жекпе-жек барысында Сағындықтың өзіне сенімділігі айқын аңғарылды. Қарсыласына жиі соққы жасап, ұпай қорын молайтты. Нәтижесінде төрешілер бірауыздан оның жеңіске жеткеніне сенім көрсетті.
Айта кетсек, Сағындық Тоғамбай ел құрамасы қоржынына төртінші алтын медаль салды.
Еске салсақ, бұдан бұрын ел құрамасынан Назым Қызайбай (50 келі) мен Махмуд Сабырхан (54 келі) чемпион атанды.
Сондай-ақ, қазақстандық боксшы Валентина Хальзова 70 келі салмақта чемпион атанды.
Халықаралық турнирде ел құрамасынан Дамир Әбдіқадыр (51 келі), Дулат Бекбауов (67 келі), Дина Жоламан (54 келі) және Ләззат Күнгейбаева (81 келіден жоғары) күміс жүлдегер атанды.
Ал қола жүлде Санжар Тәшкенбай (48 келі), Тимур Қабдешов (51 келі), Абзал Серік (63,5 келі), Абзал Құттыбеков (92 келі), Нұрлан Сапарбай (92 келіден жоғары), Римма Волосенко (60 келі), Дариға Шәкімова (66 келі, Надежда Рябец (75 келі) және Анастасия Баязитова (81 келі) сынды қазақстандық спортшыларға бұйырды.