22 қаз, 2019 сағат 08:38

Стокгольмде Еуропа қазақтарының бизнес-форумы өтті

Стокгольмде Швеция, Дания, Норвегия және Финляндияда тұратын отандастардың бизнес-форумы өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

21 қазан күні Стокгольмде Швеция, Дания, Норвегия және Финляндияда тұратын отандастардың бизнес-форумы болды. Форум – Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен бекітілген «Отандастар Қоры» КЕАҚ және Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Солтүстік Еуропада тұратын қазақтармен байланысты нығайту бағдарламасының бір бөлігі.

Оған қазақ диаспораларының лидерлері, белсенділері, Қазақстанның Швециядағы елшісі Қайрат Әбдірахманов, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының орынбасары Арғын Оспанов, «Отандастар Қорының» жауапты қызметкерлері, Швецияның Қазақстандағы тұңғыш елшісі Манне Венгборг, Қазақстанның Дания, Финляндия және Швециядағы құрметті консулдары, Солтүстік Еуропа елдеріндегі компанияларда жұмыс істейтін қазақтар, Түркістан, Қарағанды облыстарының жүн өңдеу, ауыл шаруашылы, агротуризм сияқты салалардағы бизнесмендері қатысты.

 

Қауымдастық пен Қор өкілдері бүкіл әлемде «Қазақ үйі» Қазақ мәдени-іскерлік үйінің құрамына кіретін мәдени орталықтар мен іскерлік үйлерінің желісін құру жоспарларын бөлісті.

Бизнес-форумға қатысушылар шағын, орта және ірі бизнестегі бастамаларды ынталандыру, өзара ықпалдастық тетіктері, стартаптарды дамыту мәселелерін талқылады. Қатысушыларға Қазақстан өңірлерінде бизнес ашып, дамытуға қолайлы инвестициялық әлеует таныстырылды. Кездесуде қалпына келетін энергия, ақпарат технологиялары, құрылыс материалдары, шикізат өңдеу, мұнай химиясы, тау-кен өнеркәсібі, көлік және логистика, ауыл шаруашылығы, білім-ғылым, соның ішінде түркология, туризм салаларындағы өзекті жобалар айқындалды.

Сонымен қатар Қор өкілдері барша қазақ диаспорасымен тығыз байланыс орнатуға әзір екенін білдірді. Ол үшін отандастар мәселелеріне жауап беретін Бірыңғай байланыс орталығы ашылған. Швециядағы бизнес-форум биыл өткізілген алтыншы форум болды. Бұған дейінгісі 20 қыркүйекте Лондонда өткен.

Шарада Қазақстан Жастар қауымдастығының төрағасы Айдана Бекберген көптің көзінше электрондық форматтағы уақыт капсуласын бекітті. Жас отандастарға үндеу жолданған капсула 2025 жылы ашылады.

Қазақстан делегациясы құрамында барған кәсіпкерлердің ұсыныстары да қатысушыларды қызықтырды. «Шымкент Кашемир» жүн өңдеу фабрикасының басшысы Шағанбек Қанжарбайұлы өнімін скандинав елдеріне сату ниетін білдірді. «Toksumak» эко-агро-кентінің авторы Олжас Омаров тұрғындардың әлеуметтік әл-ауқатын нығайтатын әрі этникалық қазақтарды Қазақстанға тартуға мүмкіндік беретін жобаларды дамытуға инвестиция тарту туралы ұсыныстарын айтты.