17 қар, 2021 сағат 09:34

Степногордегі әлімжеттік: Мектеп-интернатта кешенді мониторинг жүргізіледі


Степногор қаласындағы олимпиадалық резерв даярлайтын спорт мектеп-интернатының тәрбиеленушілері арасындағы жанжал Nur Otan партиясы Степногор аумақтық филиалының партиялық бақылау комиссиясы мен әлеуметтік мәселелер жөніндегі қоғамдық кеңестің бірлескен отырысында қаралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Nur Otan партиясының Степногор аумақтық филиалынан хабарлағандай, партиялық бақылау комиссиясы партия филиалының Саяси кеңесі бюросына бұрынғы мектеп директоры, қалалық мәслихат депутаты Тұрсынбай Тоққожиновқа сөгіс түрінде партиялық жаза қолдану арқылы болған оқиға үшін партиялық жауапкершілік туралы мәселені қарауды ұсынды. 

«Тұрсынбай Тоққожиновтың директор қызметінен босатылуы мәселені бір күнде шешпейді, дәлірек айтсақ, оқу орнында жасөспірімдердің арасында әлімжеттік бар. Бұл мектеп әкімшілігінің, педагогика ұжымының бақылауының әлсіздігі және салғырттығы салдарынан осындай оқиға болды. Сонымен қатар, мектеп директоры оқиғаның орын алғанын біле тұра, құқық қорғау органдары мен кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссияны хабардар етпестен үстіртін ішкі тергеу жүргізген. Сондай-ақ, дене шынықтыру және спорт басқармасы да хабардар етілмеді», - деп атап өтті ведомстводан. 

Интернаттағы тәрбиешілердің жұмыс кестесі стандарттарға сәйкес келмеді. Белгілі болғандай, балалар кешкі уақытта қараусыз қалған. Сондықтан отырыста «Бақытты отбасы» партиялық жобасы аясында мектеп-интернатқа кешенді мониторинг жүргізу және тәрбие жұмысы мәселелеріне ерекше назар аудару туралы шешім қабылданды. 

Еске сала кетейік, Степногор қаласының Бөгенбай батыр атындағы спорт мектебінің 8-сынып оқушысы 7-сыныптың екі оқушысына қатысты жатақхана бөлмесінде әлімжеттік жасаған болатын. Оны ұрып-соғушы баланың сыныптасы телефонның бейнежазбасына түсіріп алған. Бұл бейнежазба әлеуметтік желіде резонанс тудырды. 

Ақмола облысы әкімінің көшпелі кеңесінің қорытындысы бойынша Дене шынықтыру және спорт басқармасына Бөгенбай батыр атындағы олимпиадалық резерв даярлайтын спорт мектеп-интернатының директорын Тұрсынбай Тоққожиновтың атқаратын лауазымына сәйкес келмеу мәселесін қарау тапсырылды, дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әсет Бөкібаевқа функционалдық міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін қатаң сөгіс жарияланды. 

Сондай-ақ, Степногор қаласының әкіміне әлеуметтік салаға жетекшілік ететін, кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі қалалық комиссияның төрайымы, әкімнің орынбасары Гүлназ Әбілованы тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы мәселені қарау тапсырылды. Бұған қоса, оқиға бойынша полиция қылмыстық іс қозғады.