Фото:rehabcenterindore.com
Бүгін Мәжілісте "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі, лотереялар және лотерея қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы екінші оқылымда мақұлданды, - деп хабарлайды "Ұлт Ақпарат".
Депутат Елнұр Бейсенбаевтың айтуынша, бұл ең көп талқыланған заң жобасы болды. Оның көтеріліп, заң жобасы ретінде әзірленіп, үздіксіз талқыланып келе жатқанының өзіне 2 жылдың жүзі болды.
"Үкіметтің қорытындысын алудың өзіне 1,5 жылдай уақыт кетті. Қоғамдық диалог алаңдарында да, Парламент қабырғасында да кеңінен талқыланды. Күні кеше Президент жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің отырысында да лудоманияға қарсы іс-әрекеттер жоспарын әзірлеу жайы арнайы сөз болды. Бұл осы мәселенің аса өзекті екендігін көрсетеді. Бұған Мемлекет басшысының өзі бірнеше рет арнайы тоқталып, оны ауыздықтау жөнінде нақты тапсырма берді", - деді депутат Елнұр Бейсенбаев.
Аталған заң жобасы бойынша құмар ойындарға қатысуға және бәс тігуге шектелген адамдардың тізімі анықталды және құмар ойындарға тыйым салудың шекті мерзімі бір жылдан 10 жылға дейін ұзартылды.
"Белгілі болғандай, 1 жыл өте аз. Шектеулер аяқталғаннан кейін белсенді ойнауды жалғастыруда. Ең бастысы, тыйым салуды мерзімінен бұрын тоқтату мүмкін болмайды. Иә, біз ойыншылардың құқықтарын шектейміз деп айтуға болады, бірақ бұл шын мәнінде лоббистердің сылтауы. Егер адам ойнағысы келсе және ойнай алмаса, онда бұл - оның жауапкершілігі. Өйткені шектеуге қатысты қол қойғанда ол барлық заңдық жауапкершіліктерді өз мойнына алған", - дейді Е. Бейсенбаев.
Депутат борышкерлердің бірыңғай тізілімін шектеу заң жобасындағы ең маңызды тұстарының бірі екенін айтып өтті. Қазіргі уақытта борышкерлердің бірыңғай тізіліміне 3,5 миллион адам кіреді екен. Бейсенбаевтың пікірінше олар букмекерлік кеңселер мен казинолардың клиентіне айналуы мүмкін.
Сонымен қатар, енді мемлекеттік қызмекерлер, әскери қызметкерлер, арнаулы мемлекеттік органдарда жұмыс істейтіндер, бюджеттік ұйымдардың басшылары құмар ойын ойнай алмайды. Олардың саны шамамен 280 мың адам.
"Олар үшін ешқандай ескерту болмайды. Ставка жасадың ба, бірден жұмыстан шығасың", -деді мәжілісмен.
Қаржылық мониторинг агенттігі мәліметтері бойынша, бүгінде 200 мыңнан астам кәмелетке толмаған азамат үнемі құмар ойын ойнайды екен. Депутат Бейсенбаев жасөспірімдер энергетикалық сусындар ішіп алып, құмар ойынға кіріп кетуі мүмкін екенін де айтты.
"Энергетикалық сусындар алкогольден де қауіпті болып барады. Қазір тіпті 10 жасар бала да энергетикалық сусындарды еркін сатып ала алады. Осыған байланысты, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін 21 жасқа дейінгі азаматтарға энергетикалық сусындарды сатуға тыйым салынды", -дейді Е. Бейсенбаев.
Сондай-ақ, құмар ойындарға тәуелді адамдарды медициналық оңалту тәртібі белгіленіп, динамикалық есепке қоймай, яғни медициналық құпияны сақтай отырып, ойыншылардың консультациялық бақылаулары енгізілді.
Байланыс операторларына құмар ойындарының жарнамасы бар хабарламаларды жіберуге тыйым салу қарастырылған және букмекерлік кеңселер мен казинолардың жарнамасы барынша шектелген.
"Осы орайда мен блогерлерге, әлеуметтік желі инфльюенсерлеріне букмекерлік кеңселерді жарнамалау және насихаттау енді заңсыз екенін ескерткім келеді. Оған 200 мың теңгеден бастап айыппұлдар қарастырылған", - деп айтты депутат.
Сонымен қатар заң жобасында шетелдік букмекерлік кеңселердің, лицензиясы жоқ тотализаторлардың және онлайн-казинолардың интернет-ресурстарына толық тыйым салынды. Онлайн-казино ұйымдастырушылары енді 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылып, қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
Жалпы, заңда жүзден астам жаңа нормалар қабылданды.