10 қар, 2016 сағат 11:12

Сот сарапшылар институтын дамыту – уақыт талабы

Сот сараптамасының барлық түрлерін бір мемлекеттік органға шоғырландыру Елбасының «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарында қойған міндеттеріне сай келеді. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Әділет министрлігі Сот сараптама орталығының директоры Исидор Борчашвил осылай деді.

Спикер сот-сараптама қызметін жетіл­діру мақсатында «Қазақстан Рес­пуб­ликасындағы сот-сараптама қызметi ту­ралы» заң жобасы әзірленіп, қазіргі таңда Парламент Мәжілісінде қаралып жатқанын атап өтті.

«Заң жобасы сот-медициналық, сот-нар­кологиялық және сот-психиатриалық сараптамаларын жүргізу бойынша мін­деттерді Денсаулық сақтау министр­лі­гінен Әділет министрлігіне беру ар­қылы сараптама міндеттерін бір мем­ле­­кеттік органда орталықтандыруды, сот-сараптама қызметінің мақсаттарын кеңейтуді, жеке сот сарапшылар институтын дамытуды, сондай-ақ Сот сарапшылар палатасын құруды көздейді», – деп мәлімдеді И.Борчашвил.

Ол Ұлт жоспарының негізгі бағыт­тарын жүзеге асыру аясында жеке сот сарапшылар институтын дамыту арқылы жалпы сот-сараптама қызметінің сапасын арттыру көзделгенін жеткізді. «Сот сарапшылар палатасы жеке сот са­рап­шылардың қызметін үйлестірумен айналысады», – деді Орталық дирек­торы. Өз кезегінде Сот медицина орта­лығы директорының орынбасары Руслан Сатыбалдиев орталықтың Әділет мини­стрлігі құрылымына ауыс­қалы бері сот сараптамаларын жүргізудегі құқықтық мәселелері жақсарғанын атап өтті.

Сот медицина орталығы бұрын Ден­саулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің қарамағында бол­ған, ал өткен жылдың 1 қаңтарынан бас­тап Әділет министрлігінің құрылымына ауы­с­ты. Сол себептен де шілде айында сот-наркологиялық сараптамасын жүр­гізу фун­кциясы, ал биылғы жылдың 1 шілде­ден бастап сот-психиатрия­лық сарап­тамасы Әділет министрлігіне берілген. «Қазіргі таңда Сот-медици­на орта­лығы қылмыстық, азаматтық істер және әкім­шілік құқық бұзушылық істер бойын­ша сот-медициналық, сот-нар­кологиялық және сот-психиатриялық сараптамалар жүргізеді, – деді ол.

Айта кетейік, қазіргі уақытта сот-медицинасы қызметі саласында 682 сарапшы қызмет етеді, соның ішінде 4 медицина ғылымдарының докторы, 26 ғылым кандидаты, 221 жоғары санатты сарапшы бар.

Айдар ӨРІСБАЕВ,

«Егемен Қазақстан»