Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты Елжан Біртановты үйқамақта ұстау бұлтартпау шарасының мерзімін 14 қыркүйекке дейін ұзартты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Бір ай бұрын Денсаулық сақтау министрлігінің экс-басшысын үйқамақта ұстау мерзімі 14 шілдеге дейін ұзартылған болатын. Бүгін осы мерзімнің аяқталуына байланысты Нұр-Сұлтан қаласы мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының судьясы Алмат Бабатов тараптардың уәжін тыңдап, шешім шығарды.
«Күдікті Елжан Амантайұлы Біртановты үйқамақта ұстау мерзімін қылмыстық істің материалымен танысу кезеңінде – 2 айға, яғни 2021 жылдың 14 қыркүйегі, сағат 21.56-ға дейін ұзарту туралы ұсынымды мақұлдау туралы шешім қабылдады. Үйқамақта ұстау шартын өзгерту бөлігінде, нақты айтсақ, баспанадан шығуға, телефонмен сөйлесуге, отбасы мүшелерімен басқа адамдардың бәрімен араласуға толықтай тыйым салу, күдіктінің сыртынан бақылау қою туралы ұсынымнан бас тартылды», - деген судья тараптар сот қаулысына 3 тәулік ішінде қарсы шағым берруге құқылы екенін айтты.
