Фото: ашық дереккөз
Жамбыл облысында орналасқан "Ежелгі Тараз ескерткіштері" тарихи-мәдени қорық-музейі бес кәсіпкерге қарсы сотта жеңіске жетті, деп хабарлайды Ult.kz.
Даулы мәселе музей аумағындағы ғимараттарды заңсыз пайдалану және коммерциялық мақсатта қолдану жайлы болды. Музей иелігінде ерекше қорғалатын табиғи аумақ санатына жататын 2 гектар жер учаскесі бар. Бұл жерде "Айша-Бибі" кесенесі орналасқан. Аталған аумақта бірнеше техникалық бөлмелер салынған, бірақ кәсіпкерлер оларды заңсыз иемденіп, коммерциялық қызметпен айналысқан. Музей-қорық кәсіпкерлерден ғимараттарды босатуды талап етті, себебі олардың бұл аумақты кәсіпкерлік мақсатта пайдалануға рұқсат құжаттары жоқ.
Жамбыл аудандық соты кәсіпкерлердің ғимараттарды заңсыз иемденгенін анықтап, музей талаптарын қанағаттандырды.
Сот шешімі бойынша кәсіпкерлер ғимараттарды босатуға міндеттелді. Жауапкерлер апелляциялық шағым түсіргенімен, Жамбыл облыстық соты бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгеріссіз қалдырды.
Сот шешімі заңды күшіне енді, ал кәсіпкерлер музей-қорықтың аумағынан шығуға міндетті болды.