26 жел, 2024 сағат 11:57

Сот Ақтаудағы ұшақ апаты аумағын дронға түсірген блогерді 10 күнге қамау туралы шешім шығарды

Фото: azattyq.org алынды

Ақтаудағы ұшақ апаты аумағын дронға түсірген ақтаулық блогер Азамат Сәрсенбаев 10 күнге қамалды, - деп хабарлайды ult.kz Азаттық радиосына сілтеме жасап.

Сот шешімінде Сәрсенбаевтың полицияның талабына қарамастан апат аумағын дрон және телефонына түсіргені (“полицияның заңды талабына бағынбау” 667-бап, 1-бөлік) жазылған.

Сот процесі кезінде блогер өзіне тағылған айыппен келіспей, BBC және Reuters-тегі әріптестерінің өтінішімен аумақты түсіргенін, полицияның жұмысына кедергі келтірмегенін айтқан.

Сот шешімі әлі күшіне енбеген. Адвокат шешімді апелляцияға беретінін мәлімдеді.

Бір күн бұрын Бакудан Грозныйға қарай ұшқан Azerbaijan Airlines әуе компаниясына тиесілі Embraer-190 ұшағы Ақтау маңында апатқа ұшыраған. Ұшақ бортында 67 адам болды: экипаждың бес мүшесінен бөлек, Әзербайжанның – 37 азаматы, Ресейдің - 16, Қазақстанның - 6, Қырғызстанның 3 азаматы болған.

Әуе апатынан 38 адам қаза болды, 29 адам тірі қалған. Олар Ақтаудағы ауруханаға жатқызылған, жеті адамның жағдайы өте ауыр екені хабарланды. Тірі қалғандар арасында қазақстандықтар жоқ.

Апатқа байланысты қылмыстық іс қозғалған, үкімет комиссиясы құрылған. Апат себебіне байланысты әзірге, тек болжамдар айтылып жатыр.

Апат аумағынан ақпарат таратқан Азамат Сәрсенбаевтың көп кешікпей ұсталғаны белгілі болған еді.