10 там, 2019 сағат 08:49

Солтүстік Корея тағы да зымыран ұшырды

КХДР сенбі таңында Шығыс теңізге тағы да белгісіз снарядтар ұшырды, деп хабарлайды Yonhap агенттігі.

Штаб бастықтары біріккен комитетінің мәлімдемесіне қарағанда, зымырандар Оңтүстік Хамгёнг провинциясының Хамхунг қаласынан ұшырылған. Бұдан басқа ақпарат жоқ.

«Біз әр жағдайға дайын бола отырып, ендігі зымырандардың ұшырылуын үзбей аңдып отырмыз», - делінген Комитеттің мәлімдемесінде.

Осыдан төрт күн бұрын, КХДР Шығыс теңізде тағы екі зымыран ұшырды. Олар жақын қашықтыққа атылатын KN-23 баллистикалық зымырандары болуы әбден мүмкін.

Пхеньян жарты айдың ішінде осымен бесінші мәрте зымыран ұшырды. Зымырандардың алғашқы легі 25 шілде күні ұшырылған.

Пхеньян Оңтүстік Корея мен АҚШ арасында өтіп жатқан бірлескен әскери оқу-жаттығуларға осылай наразылық танытып отыр, деп жазды Yonhap.

Сеул мен Вашингтон біріккен жазғы әскери жаттығуларды дүйсенбі күні бастады. КХДР мұны шабуыл жасаудың дайындығы деп санап, оны тоқтатуды талап етіп отыр.

Дональд Трамп Ақ үйде өткен журналистермен кездесуде КХДР басшысымен тағы да кездесуі мүмкіндігін білдірді. Бұдан бөлек, Трамп ұшырылған зымырандардың баллистикалық зымыран емес екендігін айтты. «Соңғы ұшырылғандардың барлығы – жақын қашықтыққа атылатын снарядтар. Олар баллистикалық зымыран ұшырған жоқ», - деді Трамп.