06 сәу, 2021 сағат 05:30

Солтүстік Корея коронавирусқа байланысты Токио олимпиадасына қатыспайды

Солтүстік Корея Токиода өтетін жазғы Олимпиада ойындарына қатыспайды. Бұл туралы "Ренхап" агенттігіне сілтеген "Интерфакс" хабарлады. 

Олимпиадаға қатыспау туралы шешім 25 наурызда Пхеньянда өткен Солтүстік Кореяның олимпиада комитетінің бас ассамблеясының отырысында қабылданған. 

"Корея халықтық-демократиялық республикасы спортшыларын коронавируспен байланысты ғаламдық дағдарыстан қорғау мақсатында 32-Олимпиада ойындарына қатыспау туралы шешім қабылдады" деп агенттік елдегі спорт порталындағы ақпараттан үзінді келтіреді. 

Олимпиада және Паралимпиада ойындары былтыр жазда Токиода өтуі тиіс болған, алайда коронавирус індетіне байланысты 2021 жылға шегерілген еді. Биыл Олимпиада – 23 шілде мен 8 тамыз аралығында, Паралимпиада 24 тамыз бен 5 қыркүйек аралығында өтеді. 

AP агенттігінің жазуынша, Оңтүстік Корея билігі Токио олимпиадасы екі ел арасындағы қарым-қатынасты жақсарту мүмкіндігі болатын деп мәлімдеп, көрші елдің мұндай шешім қабылдағанына өкініш білдірді. Екі Корея арасындағы жағдай Вашингтон мен Пхеньян арасындағы ядролық келіссөздер тығырыққа тірелген шақта ушыққан. 

Солтүстік Корея өткен айда бір жылғы "үзілістен кейін" қысқа қашықтыққа ұшатын екі зымыранын сынап, Вашингтонның реакциясын бағамдау мақсатында тағы бір мәрте қаруын паш еткен.