25 мау, 2021 сағат 15:12

Солтүстік Қазақстанда шілде-тамыз айлары жауын-шашынды болады


Солтүстік Қазақстан облысында шілде-тамыз айларында ауа температурасы әдеттегі нормаға сай болса, синоптиктердің болжамынша жауын-шашын мөлшерден артық жаумақ, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Қазгидромет» РМК СҚО бойынша филиалы жаз айларына ауа райының болжамын жариялады. 

Синоптиктердің мәліметінше, маусым айының соңында өңірде ауа температурасы түнде +5+10 ° С, кей жерлерде +13+20 ° С-қа дейін, күндіз +15+20 ° С-тан, кей жерлерде +23+33 ° С-ке дейін көтеріледі. 

Солтүстік-батыстан, батыстан соғатын желдің күші секундына 15-20 метрге дейін жетпек. 

«Шілдеде ауаның орташа айлық температурасы +19+20°С болады деп болжанған, бұл норма. Айдың әр онкүндігінде Атлант және Қара теңіз аудандарынан суық және ылғалды ауа массаларының басып кіруі нәтижесінде қысқа мерзімге күн суытады. Облыс бойынша жауын-шашын, екпінді жел және ауа температурасының түнде +7+12°С, күндіз +17+23°С дейін төмендеуі болжанған», - дейді метеоболжау бөлімінің басшысы Гүлзат Ғазизова. 

Ал Иран мен Орта Азия аудандарынан ыстық тропикалық ауаның келуіне байланысты температура айтарлықтай жоғарыламақ. 

Термометр бағаны түнде +15+20°С-ке дейін, күндіз +30+32°С белгісіне дейін көтеріледі. 

«Жауын-шашын мөлшері шілдеде облыстың басым бөлігінде нормадан артық болмақ, жалпы норма - 53-69 мм. Бір ай бойы қысқа мерзімді жаңбыр жауып, найзағай жиі болады деп болжанған. Тамыз айында да жауын-шашын мөлшерден артық 40-53 мм жауады. Ал ауа температурасы қалыпты, +17+18°С шамасында болады», - дейді Гүлзат Ғазизова.